Көпбалалы аналарға пәтер кілті тапсырылды
2019 ж. 12 сәуір
2436
0
Шымкент қаласында Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жергілікті тұрғындармен кездесті.
Шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов және Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.
Үкімет мүшелері жұртшылыққа Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының ақпан айындағы сьезінде атап өткен табысы төмен азаматтардың, көпбалалы аналардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әл-ауқатын арттыру, білім беру, денсаулық сақтау салаларының және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды түсіндірді.
Шара барысында Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік бағдарлама аясында бірқатар көпбалалы аналарға пәтер кілтін табыстады.
«Шымкентте мамыр айында әлеуметтік жағдайы төмен 540 отбасыға пәтер беріледі. Оның ішінде көпбалалы аналарға 177 пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Бүгін соның 11-не Гүлшара Наушақызы пәтер кілтін табыстады», – деді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.
qazaquni.kz