Сайлау-2019: Кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталады
2019 ж. 11 сәуір
3503
0
Ағымдағы жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталады. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комиссия отырысында ол ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары сайлау туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес әзірленгенін айтты.
«Науқанның жекелеген кезеңдерінің ұзақтығын айқындау үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 66-1-бабы негізге алынды. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы жөніндегі іс-шараларды өткізу мерзімдерін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. Осы жоспарға сәйкес, ҚР Президентінің лауазымына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалғаннан келесі күні, яғни 2019 жылғы 10 сәуірде басталып, ағымдағы жылдың 28 сәуірінде сағат 18-00-де аяқталады», - деді К.Петров.