ӨСКЕМЕН ӨЗГЕРІП КЕЛЕДІ Әкімдер есеп беріп жатыр. Қалада да, ауылда да...

d3a9d181d0bad0b5d0bcd0b5d0bd-d29bd0b0d0bbd0b0d181d18b          

 Өскеменде көптеп бері шешімін күткен бір мәселе көптің көңілін күпті етіп жүр еді. Ол – жер телімі. Бұл мәселе де өткен жылы бір арнаға түскен сыңайлы. Өткен жылы наурызда қала басшылығына қызметке келген Ислам Әбішев алғашқы күннен бастап талай жылдан бері тұрғындарды алаңдатқан осы мәселені бірден қолға алып, түйінді тарқатудың тиімді жолдарын қарастырды.

          Шынын айтқанда, жер телімін үлестіруде заңсыздық белең алып, қарапайым халық алыпсатардың арбауына түсіп, тиісті жер телімін алу үшін кем дегенде үш жыл сергелдеңге түскен. Қаланың жаңа әкімі жер алудағы кедергілердің баршасын жойып, жер телімін үлестірудің жаңа тәртібін белгіледі. Соның арқасында жылдар бойы сарылып кезекте тұрған 3 319 адам өзіне тиісті жер теліміне ие болды. Кезекте тұрған қала тұрғындарының барлығына жер телімдері берілді. Жер телімдерін беретін арнайы аумақ та белгіленді.

              – Біз қазір үй салатын жер телімін бұрынғыдай тура меншікке емес, екі жылға береміз. Екі жыл ішінде үй салған жағдайда үйді арнайы комиссия қабылдап алып, әрі қарай жер телімін меншігіне өткізуіне рұқсат беріледі. Ал екі жылдаүй тұрғызылмаған жағдайда жер телімін мемлекет меншігіне қайтарып аламыз, – дейді Өскемен қаласы әкімдігінің жер қатынастарының басшылығы. Жаңа басшының жаңа талабы осындай.

               Бір түйткіл, Өскемен турасында жақсы пікір аз айтылады. Әсіресе қазақы ортада өскен қауымның бұл қалаға айтар базынасы аз емес. Оның себебі де белгілі. «Өскеменде ұлттық рух жоқ» деп жылағанда олардың етегіне жас толады. Бәрінің айтатыны – осы. Десек те ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Басқа жылдарды қайдам, өткен жылы есік түгіл тесіктен сығалауға жарамай қалған қазақы рух қайратына мініп, қаланың төріне келіп қонақтағанына куә болдық. Ол – ұлт ұстазы, Һәкім Абайдың Өскеменге келуі. Алты Алаш ардақ тұтқан ақынға шаһар төрінен еңселі ескерткіш қойылды. Өңірдің мәдени-рухани өміріндегі биылғы жылдың ең үлкен оқиғасы, ең үлкен жаңалығы – осы. Абаймен  қоса қалаға Пушкинге де тастұғыр орнатылды. Қос ақынның қалаға келуі ел еңсесін бір көтеріп тастағаны анық.

               Қазақы рух деп жатырмыз ғой. Өскемендегі аумағы атшаптырым Республика алаңы да былтыр толықтай жаңартылды. Алаңдағы төсеніш ауыстырылып, оның орнына қазақтың ұлттық оюы бедерленген жаңа төсеніш төселді. Бұл – бір. Екінші, қаладағы үлкен көшелер сапына саналатын Қазақстан, Горкий, Сәтбаев көшелерінің бойына «Дала әуені», «Көш» секілді мүсіндік композициялар орнатылды. Яғни, ұлтымыздың бай мәдениеті мен салт-дәстүрінен мол хабар беретін ұлттық аспаптарымыз бен қазақ үшін қастерлі саналатын түйе мүсіндері шаһар төрінен ойып тұрып орын алды.

             Шынын айту керек, мұндай жұмыстар Өскемен тарихында бұрын-соңды болған жоқ. «Болуы керек еді, баяғыда-ақ жасалуы керек еді» дер әлдекімдер. Бірақ оған мүмкіндік берілмеді. Болдырмады, жасатпады, аяқтан шалды. Олардың кімдер екенін іштеріңіз сезіп отырған болар. Десек те тәжірибелі басшы, мемлекетшіл тұлға Бердібек Сапарбаев мызғымай тұрған сеңді бұзып, талай жыл бойы қалғып келген, қалғуға мәжбүр болған қазақы рухқа дем берді. Бұл – мақтау емес, көз көрген, құлақ естіген шындық.

            Өскемендегі қазақ руханиятының хал-ахуалы баршаңызға мәлім. Оны тәптіштеп айтып жату артық болар. Десек те бұл бағытта көңілге медеу боларлық аздаған жұмыстардың жасалып жатқанын жеткізсек артықтық етпес. Өткен жылы 16 желтоқсанда «Өскемен» атты қалалық жаңа газет ашылды. Әуелі ана тілімізде жарық көреді делінген-ді. Бірақ басылым қос тілде басылып шықты. «Ептеп-ептеп ана тіліміздің ауқымын ұлғайта береміз» дейді газет басшылығы. Оны уақыт көрсетер. Әзірге газеттің жарық көргеніне шүкіршілік айтайық. Қалалық басылымның тасқа басылуына бас болған қала басшылығы қалалық телеарна мен қалалық радио ашуды да жоспарлап отыр.

              Айтып-айтпай не керек, өткен жылы Өскеменде шешімін тапқан, жасалған, орындалған шаруалардың бір парасы осындай. Әрине, мұнымен тоқмейілсуге болмас. Өйткені, Өскеменде талай жылдан бері шешімін таппаған, ешкімнің тісі батпаған жоғарыда айтқан мәселелерден әлдеқайда маңызды, әлдеқайды өзекті мәселе тұр. Ол – қаланы қазақыландыру. Өскеменде өзге елдің иісі мен сесін сездіретін көше атаулары, ғимараттар мен ескерткіштер көп. Қазақ тілінде бар-жоғы айналдырған он шақты көше атауы бар. Оның өзін орыс ағайындар өз тіліне бейімдеп аударып алған. Мәселен, «Тәуелсіздік» даңғылын «Независимость» дейді олар. Солай айтады, солай жазады. Бір ғана Абай ескерткішін орнатумен Өскемендегі ұлттық мәселе толығымен өз шешімін тапты деу ағаттық болар. Айналасы бір жыл ішінде Өскеменге жыл келгендей жаңалық әкеліп, көшені тазартып, қаланы жаңартқан жаңа басшы ендігі жұмысты қаланы қазақыландырудан, ұлттық саясатқа басымдық беруден бастауға тиіс деп ойлаймыз.

                  Өткен жылы Абай ауданына жасаған сапарында облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаев: “Абай ескерткiшiн ашудағы мақсатымыз – ұлы ақынның шығыс өңiрiндегi орнының қандай екендiгiн көрсету. Бiр сөзбен айтқанда, бұл кiмнiң елi, кiмнiң жерi екендiгiн көрсеткiмiз келдi” деген-дi. Әкiмнiң бұл сөзiнiң астарында үлкен мән жатыр түсiнген адамға. Сондықтан “кiмнiң елi, кiмнiң жерi екендiгiн” таныту тұрғысында әлі талай үлкен істердің жасалуы керек деп білеміз. Қалың қазақтың арасынан келген жаңа басшыдан Өскемендегі қауым осыны күтеді.

 

Азамат ӘБІЛҰЛЫ,

Өскемен