Жансейіт Түймебаев кәсіпкерлермен кездесті
2019 ж. 16 наурыз
2044
0
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды. Аталмыш сапары аясында жалпыөнеркәсіптік және тұрмыстық жабдықтарды шығаратын «Келет» зауытына барып, онда ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы мүшелерімен кездесті.
Жансейіт Қансейітұлы «Алматы қаласының венгр мәдени орталығы» ҚБ төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Александр Паптың басқаруындағы зауыттың қызметі мен және өнімдерімен жете танысты. Ол А. А. Паппты 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, қайырымдылықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы мүшелерімен кездесу барысында Қауымдастық қызметінің негізгі бағыттары мен 2019 жылға арналған жобалары талқыға түсіп, түрлі пікірлер айтылды.
Ж. Түймебаев өз сөзінде Қауымдастықтың барлық мүшелерінің елдің әлеуметтік маңызы бар және экономикалық мәселелерін шешуге күш-жігерін біріктіру қажеттігін ерекше атап өтті.
Ол болашақта ҚХА қауымдастығының қызметі жаңа жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлік идеяларын дамыту секілді негізгі міндеттерді іске асыру керектігін тілге тиек етті.
Шара барысында ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығының бастамасын жүзеге асыру туралы Алматы қалалық филиалы қауымдастық төрағасы Думан Қыдырбаев әңгімеледі. Алматы қаласының ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығы филиалының директоры Олег Цой ауыл шаруашылығын цифрландыру жобалары туралы ұсыныс жасады.
«Арнасай - Қазақстанның жасыл ауылы» жобасын «Жасыл экономика – Gglobal» коалициясы директорының орынбасары Асхат Сүлейменов таныстырды.
Еңлік ЕРБОЛҚЫЗЫ,
qazaquni.kz