Атырау тұрғындары Жайық өзенін өлген балықтардан тазартты
2019 ж. 11 наурыз
2396
1
Атырауда Жайық өзенінен өлі балықтардан тазарту шарасы ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстары қаланың 4 бөлігінде жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Атырау облысының құзырлы органдары қалың көпшілікпен бірлесіп, Жайық өзенін өлі балықтардан тазартты. Бұл жолы экологиялық шараға мамандармен қатар Атырау қаласының тұрғындары - жастар, қоғамдық ұйымдардың мүшелері мен еріктілер де қатысты.
«Тазалық жұмыстарына қатысуға ниет білдіргендерге алдын ала ТЖД инспекторлары жұмысты қалай атқару қажеттігі жөнінде нұсқау берді. Жұмыс таңертеңгі сағат 10.00-де басталып, түске дейін жалғасты. Бастапқы қорытындылар бойынша 20 қапқа жуық балық жиналды. Жергілікті тұрғындар болса, тазалық жұмыстарымен аналысып жатқан еріктілерді тамақпен, сусындармен қамтамасыз етті. Еуропалық бөлік бойынша өзен жағалауын тазалау үшін 4 жиналу орны белгіленді: айналма көпірден АХАЖ ауданындағы көпірге дейін, АХАЖ көпірінен Әлиев көпіріне дейін, АМУ университеті аумағынан Тұрғындар қалашығындағы көпірге дейін және Тұрғындар қалашығынан Балықшы ықшам ауданына дейін»,- дейді уческенің үйлестірушісі Мейрамгүл Есниязова.
«Бұл - әлемдік тәжірибе. Мысалы, Мексика шығанағында мұнай төгілген кезде жағалауды өлі балықтан тазартуға жергілікті тұрғындар мен фермерлер қатысты. Бүгін бізде де жұртшылық жағаға шығып, өзенді өлі балықтардан тазалауға ниет білдірді. Жайық жағасындағы қауіпсіздік шараларын ТЖ департаменті, «Арнаулы автобаза» өкілдері қамтамасыз етті. Жүздеген белсенді тұрғындар жағалауды өлі балықтан тазартуға қатысты»,- дейді ұйымдастырушы-еріктілердің бірі Шынар Ізтілеуова.
Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, өлі балықтарды жинау жұмысы аяқталғаннан кейін балықты бақылау мақсатымен өлшеу жұмысы жүргізіледі және қортындысы БАҚ-та жарияланады. Екі күннің ішінде 493 кг өлі балық жиналған.
«Тазалық жұмыстары Жайық өзеніндегі мұз толық ерігенге дейін жалғасады. Бұл бастамаға қуаныштымыз. Адамдардың табиғатқа, Жайыққа деген жанашырлығын, қолдарынан келетін көмектерін аямайтынын көрдік», - дейді Артур Сәдібекұлы.
Ведомствоаралық комиссия мүшелері атап өткендей, алдағы күндері өзен мұздан толықтай тазарады, арнаны тазартумен балық аулау кооперативтерінің тәжірибелі мамандары айналысады.
Айта кетейік, балық жинау жұмысына жалпы саны 150-ге жуық атыраулық қатысты. Барлық жиналған балықтар саналып, қылмыстық іс материалдарына тіркеледі, содан кейін «Арнаулы автобаза» ЖШС полигонында жойылады. Балықтардың қырылуына қатысты екі қылмыстық іс қозғалған болатын. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр, кінәлілер жазаланатын болады. Полиция қызметкерлері мен ветеринарлар балық өнімдерін сататын сауда нүктелерін бақылауда ұстап отыр. Экологтер күн сайын Жайық өзенінен сынама алуда. Тұрғындар арасында балықтан немесе судан улану деректері тіркелген жоқ.