Қазақстан туризмі әлемнің ең ірі туристік көрмесі - ITB Berlin-де таныстырылды
2019 ж. 07 наурыз
2654
1
Қазақстан ең ірі халықаралық туристік көрме ITB Berlin-ге қатысуда. Биыл әлемнің ең ірі туристік шараларының бірінде 181 елден келген 10 мыңнан аса қатысушы, бүкіл әлемнен келген туристік бизнестің 100 мыңнан аса кәсіби маманы, сонымен қатар ондаған мың келушілер болады деп күтілуде.
2019 жылдың 6 наурызында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының және Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Болат Нүсіповтің қатысуымен көрмедегі қазақстандық стендтің ашылу салтанаты өтті.
Ресми ашылудан кейін стендте «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ және Messe Berlin арасында берлиндік көрменің аналогы ITB Eurasia көрмесін келесі жылы Астанада өткізу жөніндегі келісімге қол қою рәсімі өтті.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің және Алматы қаласының Туризм басқармасының қатысуымен ұйымдастырылған қазақстандық стендтің негізгі концепциясы – еліміздің мәдениеті мен этника болды.
Биыл Берлин қаласындағы көрмеде «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұлттық тағамдарға, көшпелі өркениет мұрасына, Қазақстанның мәдени және табиғи орындарына ерекше мән беріп, этникалық және мәдени туризм тақырыбын ұсынды.
Стендте өтетін шеберлік сыныптарында қонақтарымыз құрт және жент жасауды, сазсырнай музыкалық аспабын жасауды үйрене алады. Сондай-ақ көрмеде бірегей «бармен-шоу» өтпек: қонақтарға қымыздан жасалған түрлі коктейльдерден дәм татуға мүмкіндік беріледі.
Осылайша, 5 күн ішінде қазақстандық стендте келуші қонақтар еліміздің мәдениетімен және салт-дәстірлерімен танысады. Бұған қоса, көрмеге келушілер Бозжыра шатқалы бейнеленген фотозонаның алдында суретке түсіп, виртуалды шындық көзілдірігін тағып көріп, дәстүрлі дастархан түрінде жасалған арнайы b2b аумағында қазақстандық туристік компаниялармен келіссөздер жүргізе алады.
Көрмедегі қазақстандық делегация құрамына 30-дан аса адам кіреді, олардың ішінде елге турист әкелуші туристік компаниялардың, қонақ үйлер мен өңірлік туризм басқармаларының өкілдері бар.