Сенат төрағасының орынбасары жұмыс сапарымен Алматы облысына барды
2019 ж. 06 наурыз
1986
0
Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров жұмыс бабындағы сапармен Алматы облысында болды. Сенат Төрағасының орынбасары сапар аясында облыс әкімі Амандық Баталовпен кездесті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
5 наурыз күні Б.Бекназаров Алматы облыстық сотында болып, сот басшысы М.Таймерденовпен кездесу өткізді. Одан кейін аймақтың сот корпусы мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен еліміздің Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық кодекстеріне өзгерістер енгізу мәселелері бойынша жиналыс өткізді.
Б.Бекзанаров отандық заңнамадағы өзгерістер мен «Нұр Отан» партиясының съезінде Н.Назарбаев белгілеген міндеттер туралы жан-жақты айтып берді.
Сенат Төрағасының орынбасары Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру», «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: табыс пен өмір сапасын арттыру» Жолдаулары мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының маңызына тоқталды.
Сот жүйесін реформалауға Елбасының ұдайы назар аударап келе жатқаны атап өтілді. «Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қоғамда соттарға деген нық сенім болғанда ғана сот жүйесін жаңғырта алатынымызды, біздің түпкі мақсатымыз – тәуелсіз әрі сатылмайтын сот билігі екенін атап өткен болатын», - деді Бектас Бекназаров.
Сенат Төрағасының орынбасары отандық әділ сот жүйесін ізгілендіру мәселелеріне жіті тоқталды. Оның айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында түрмелерде 100 мыңға жуық адам болатын. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш үш есе азайды. 7 түзету-еңбек мекемелері жабылды. Алайда, Б.Бекназаровтың пікірінше, заң нормаларының кейбір ережелерін қайта қарау қажеттігі туындап отыр. Осыған байланысты қоғамның соттарға деген сенімін арттыратын ауқымды жұмыс атқарылуда.
«Ізгілендіруге байланысты заңның кейбір ережелерін тым жұмсартып жібергеніміз сонша кінәлілер жауапкершіліктен босатыла бастады. Мәселен, кейбір қылмыстар бір емес, бірнеше мәрте қайта жасала бастады, кейбір тұлғалар заң шегін пайдалана отырып, жауапкершіліктен тыс қалды. Заңға өзгерістер енгізілді. Бүгінгі күні бірнеше мәрте қылмыс жасаған азаматтар ауыр қылмыс жасағандардың санатына қосылды. Ал ауыр қылмыс жасағандар ымыраға келе алмайды», - деп атап өтті Б.Бекназаров.
Тұтастай алғанда қабылданған түзетулерді одан әрі жүзеге асыру, сот жүктемесін азайту, әділ сотты жүргізу сапасына қойылатын талаптарды күшейту, қоғамды рухани жаңғырту, соның ішінде ұлттық құндылықтарды сақтау жайында мазмұнды пікірсайыс өрістеді. Шара соңында Сенат Төрағасының орынбасары қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Сол күні Талдықорған қаласының белсенділерімен кездесу болды. Оған мәслихат депутаттары, түзету органдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері және ақсақалдар қатысты.
Жұмыс сапарының бір парасы Көксу ауданында өтті. Сенат Төрағасының орынбасары Б.Бекназаров ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, бірқатар өндірістік және әлеуметтік объектілерінде болды. Атап айтқанда, «Уыз Май Industry» серіктестігінде, «Каримов» сүт-тауарлы фермасында, Көксу аудандық орталық емханасында болды.
Аудан белсенділерімен кездесу барысында Б.Бекназаров «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасы берген тапсырмаларын орындау жөніндегі өз ойларымен бөлісті.
Сенат Төрағасының орынбасары Қаратал ауданының тұрғындарымен кездесуінде азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға байланысты көптеген әлеуметтік мәселелер көтерілді.
Сапар аясында облыс орталығының бірқатар әлеуметтік-мәдени объектілерін аралау көзделіп отыр. Кездесулерге сенатор Нұрлан Қылышбаев та қатысты.