Қазақстандық студент Ресейде қаза болды: СІМ ақпаратты тексеруде
2019 ж. 26 ақпан
1954
0
ҚР Сыртқы істер министрлігі Мәскеуде қаза болған қазақстандық студентке қатысты ақпаратты тексеруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, 23 жастағы Тамирлан Мәскеу Мемлекеттік университетінің 5-курсында, химия мамандығына оқып жатқан. Жатақханада тұрған.
«Ол есік тұтқасына асулы күйінде табылды. Студенттің мойны галстукпен оралған және жедел жәрдем жеткен кезде ес-түссіз күйде болды», - делінген Telegram-да. Кейін анықталғандай, Тамирлан ММУ-дің химиядан үздік студенттерінің бірі болған.
«23 жастағы Тамирлан Мәскеуге Қазақстаннан оқуға келген. Және ол мұнда еріккеннен келген жоқ, оны академиялық ортада жақсы білетін. Үш пәннен республикалық олимпиадалардың жүлдегері. Онымен қоса, 2014 жылы белді Халықаралық Менделеев олимпиадасының жүлдегері болды, әрине химиядан. Бұдан бөлек, ұстаздықпен айналысатын: Мемлекеттік қорытынды аттестацияға, Бірыңғай мемлекеттік емтиханға кез келген пән бойынша дайындайтын. Форумдар кезінде оған химик студенттер жиі көмекке жүгінетін. Ол танымайтын адамдардан да көмегін аямайтын. Сондай-ақ YouTube-та жеке арнасы болды. Канал компьютерлік ойындарға емес, сабақтардан алған білімді бекіту үшін химиялық зерттеулерге арналған», - делінген Mash-тағы ақпаратта.
ҚР Сыртқы істер министрлігі оқиғаға қатысты түсінік берді.
«Мұндай ақпарат бізге түсті. Дипломаттарымыз оның азаматтығын анықтау үстінде», - деді ведомствоның баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.