Қытайдағы қазақтар қыспақта қалды.
2010 ж. 25 ақпан
3406
0
Қытайдың ұлттық аумақтарында «Қос тілді» оқу-ағарту жүйесін енгізу күн сайын кеңейіп келеді. Аты «қос тілді» оқыту болғанымен шын мәнінде «Қазақ тілі» мен «Әдебиет» пәнінен басқа пәндердің бәрінде сабақ тек қытайша жүреді. Жоғары оқу орындарында тек қана қытай тілі бойынша білім алады. Қытайлық ғалымдардың пайымынша, «ғылыми-техникалық білімнің қоры мол, ортақтандыру көлемі кең, өресі биік қытай тілі мемлекеттегі 55 аз ұлтты озық өркениетке жеткізетін бірден бір жол» екен. Қазіргі кезде, қытай тілі мемлекеттік тілге айналғанын ескерген ҚХР үкіметі, заң-құқықтық тұрғыдан алғанда, оны үйрену, білу және қызмет барысында қолдануды әр ұлт өкілдерінің борышы мен құқығы деп таниды. Жергілікті әкімшіліктер мен партия органдары оны жалпыластыру барысын «жаңа дәуірдің беталысы, жалпы дамудың талабы», «осы заманға сай ұлттық болмысты қалыптастырудың алғы шарты» деп халық санасына сіңіруге әрекеттенгеніне де аз болған жоқ.
Қытайша «ҚОС ТІЛДІ ОҚЫТУ»
Дегенмен, ұйғыр, қазақжәне де басқааз ұлттардың мәдениеті мен тілдік ортасы қою болған Шынжаңда қытай, ағылшын тілдерін оқыту үшін ауыл-қыстақтардың тұрғындары балаларын қалашықтарға апарып оқытады.
Қалаларда «қос тілді» оқу орындарының ұлттық сыныптарында оқитын қазақ пен ұйғыр балаларының саны күрт азайып, қытай сыныптарында білім алатын аз ұлттардың саны еселеп көбейді. Балалар бақшасындағы сәбилердің тілі қытай тілінде шығады. Ана тілінде шешен, дәріс тақырыбын жетік білетін, бірақ қытай тіліне шорқақ ұлттық оқытушыларды зейнетке шығару немесе білімін толықтыруы керек деген сылтаулармен білім жүйесінен біртіндеп аластай бастады. Ұлттық автономия заңындағы «жергілікті ұлт тілі қатарынан жүреді» дегендері қағаз жүзіндегі құрғақ ұранға айналды, басына іс түскен малшы-диқандар дәтін жеткізу үшін қытай тілін білетін адамды іздейді немесе ақшаға жалдайды. Қытай тілін білмегендердің мемлекеттік жұмысқа тұруы мүмкін емес. «Біз ешқашан ұлттарды құртпаймыз, қайта құрып бара жатқан ұлттарды құтқарамыз» деген арзан сөздің аясында ҚХР қазақтарының тілі көркеюдің орнына, тынысы тарылып, қолдану аясы тараю бағытына шұғыл бет бұрды. Басқа шығар жол таппаған қазақ пен ұйғыр жұртшылығының бір бөлігі қытай тілін осы бастан үйренбесек, дамуға ілесе алмай, түптің түбінде материалдық байлыққа кенеле алмаймыз деп алаңдайды.
Екі тілде оқыту жүйесі қазақ оқушыларының білім алуына ауыр кедергі болып отыр. Осы тұрғыда жергілікті мамандар мен мұғалімдер үйлесімді оқыту әдіс-амалдарын тез арада бірлікке келтіруді талап етсе де оны тыңдайтын құлақ жоқ. Әуелі, «партияға, мемлекетке және оның заң-саясатына қарсы тұрдың» деген сылтаумен қудалануы да ғажап емес.
«Қос тілді» оқу-ағартудың талабына сәйкес, көптеген оқытушылар алдын-ала дайындық курстарында тәрбиеленсе де, оқытудың сапасы қанағаттанарлық емес. Әсіресе, ауылдық жердегі мектептерде қытай тілінен дәріс беретін оқытушылар жетіспейді, бұл сабақты оқытуға жауапты болған ұлттық мұғалімдердің деңгейі қытайларкүткен осы заман талабына сәйкес келмейді. Ендігі жерде таза қытай мұғалімдердің сабақ беру қажеттілігі туып отыр. Бұрын қазақ мектептері ұлттық дене шынықтыру және ұлттық ән-би, күй, айтыс, ою-өрнек секілді көркемөнер сабақтарына айрықша мән беретін, қазақ бітімімен дараланып тұратын еді. Ұлттық салт-дәстүр, наным-таным, киім-кешек, ұлт тарихы жөніндегі білім жастардың бойына дарып жататын еді. Мектептердің бірігуімен бұл үрдіс кейінге шегіне бастады. Аты-жөні қазақ болғанымен, түр-тұлғасы, киім-кешегі, ойлау жүйесі қытайлардан аумайтын аты қазақ, заты қытай жаңа буын өсіп келе жатыр. Қазіргі таңда мұндай оқу орындарында домбыра ойнап, күй тарта білетін баланы табудың өзі барған сайын қиындап барады.
Қытайдағы қазақтар ана тілін қорғау, дамыту жөнінде ғылыми талқылау жиналыстарын тұрақты түрде ұйымдастырып, «Қос тілді» оқу-ағартуға көшкен мектептерде жаратылыстық ғылымдардың терминологиясын ана тілінде оқыту жөніндегі ой-пікірлерін білдіргісі келгенімен арманы көп, дәрмені жоқ күй кешіп келеді. Бұл мәселеде олар француз халқы ағылшын тілінің «сұрапыл экспансиясынан» қорғану үшін мемлекеттік деңгейде бірқатар заң-ережелер белгілеп, бүкіл ұлт болып өнімді атқарып келе жатқаны сабақ алуға татиды деп білсе де, оған да қолы жетпейді. Бұдан басқа, соңғы уақытта Шынжаңның зиялылары арасында араб графикасындағы төте жазу әліпбиін латын әліпбиіне ауыстыру жөніндегі пікірлер жиілеп келеді. Араб графикасын қолдануды жақтаған бұрынғы зиялы қауым, діни топтар және ұлтшыл топтар өкілдерінің қартайып, халық ішіндегі ықпалының әлсіреуі себепті, сондай-ақ осы ғасырдың басынан бастап Қытайдың «батыс, солтүстік өңірдің экономикасын кең көлемді игеру және дамыту» стратегиясының ықпалымен қытай тілінің кеңінен қолданылуына байланысты, латын әліпбиіне қайта өту және осы арқылы өз тілдері мен жазуын сақтап қалу орайы туылуда. Осы тұрғыда, қазіргі кезде көптеген қазақ зиялылары ең алдымен Қазақстанның латын әліпбиіне көшкенін күтіп, сол әліпбиді негізге алуды ұсынып отыр. Латын әліпбиі қытай жазуының латындық дыбыс таңбасы арқылы берілетін жазбаша нұсқасына (пін иін) жақын болғандықтан қытай елі де оған аса қарсы емес. Оның үстіне олар арап үлгісіндегі жазуларды исламмен тамырлас қарап, оның қолданыстан қалғанын жек көрмейді.
Жалпы, «қос тілді» оқу-ағарту жүйесі қазақ жұртшылығына кері әсер тигізіп отыр: ұрпақтар арасындағы байланыстың үзілуі, ұлттық болмыс пен салт-дәстүрдің өзгеруі, әсіресе ана тілінің өшуі секілді факторлар көрініс бере бастады. Бір жағынан, қазақ диаспорасы өз ана тілін барынша сақтап қалуға тырысып, қос тілде білім алудың қарқынын бәсеңдету немесе белгілі бір мәмілеге келіп, қазақ мектептері мен сыныптарын сақтап қалудың жолдарын іздестіргенімен дәрменсіз. Екінші жағынан, Қытайдың экономикалық дамуы, халықаралық және аумақтық сахналарда белді мемлекетке айналуы, қытай халқының саяси таным-сезімі мен ұлы хандық ұлтшылдығының өсуі ҚХР үкіметін қытайландыру саясатын одан әрі батыл жүргізуге жетектеп отыр.
Осылайша Қытайдағы қазақтар «қос тілді» оқытудың көгеніне маталып, қытайласу құрығына ілінді.
ҚАНДАСТАРДЫ ҚАЛАЙ ҚҰТҚАРАМЫЗ?
Кеңес одағы заманында қазақтың қазақтығын сақтап қалған не еді, шетел асқан қазақтар өзінің қазақтығын қалай сақтады?
Осы мәселелерге көз жібергенде мынадай тәжірибе сабақтарды білеміз. Қазақтың «жанын» аман алып қалғаны олардың – әні, күйі, кітабы, сахналық шығармалар төңірегіндегі кино, театры, радио-теледидары, және де сөнбеген ұлттық рухы. Ол тұста қазақ мектептері бүтіндей жабылмағанымен уақыт өте келе қазақтың өз ана мектебінен оқу салыстырмасы барынша құлдыраған. Табиғи түрде «мемлекеттің иесі, мәдениеттің көкесі» саналған орыс мектептеріне бүйрек бұра бастаған. Дін түгелге жуық жойылған. Ендеше қазақстандықтар қазақ өнерімен аман қалды деуге ғана негіз бар.
Олай болса, жер бетіне тарыдай шашылған өзге қазақтар тілін қалай сақтады деген сауал туады? Монғолиядағы қазақтарға монғол ұлтының қысымы болған жоқ. «Киіз туырлықты ағайындар» бірін-бірі айрықша жат санамады. Еуропа қазақтары жалғыз Алладан ғана медет сұрады. Тілім аман қалмаса да, дінім аман болсыншы дегенді рухани тірекке айналдырды. Ел бастап барған көне көз қариялар қазақтықты дәріптеп, ұрпақтарын өздері тәрбиелеп отырды. Халифа Алтай секілді ғұламалар шетелде отырып-ақ қазақ тілін, шежіресін, салт-дәстүрін сақтау тұрғысынан ұрпақтарына ұлағатты кітаптар жазып ұсынды. Қазақ мектептері жоқ демесең бауырмал түрік халқы басынан сипамаса маңдайынан шерткен жоқ. Басқа мұсылман елдерінде де тілден басқа өгейлігі аз болды. Ұрпақ тағдырынан алаңдай бастағанда Алла тілекті беріп қазақ мемлекеті шаңырақ көтерді. Жер жүзіндегі қазақ Қазақстан атты елді рухани орталық, алтын қазық – Отаны санады.
Біздің өткен кезеңдерге бұлайша бұрыла қарағанымыз сияқты қытай елі де ондағы аз ұлттарды өзіне қалай сіңіру керектігін күні бұрын ойлады. Оларда ұлтты жою жағдайындағы кеңестік тәжірибенің кемелді шараларына өздерінің құрық бойламас қулық-сұмдығын қосып, жаңа әдістер ойлап тапты. Оның негізгісі – ұлттың бойындағы ең асыл қасиеттерін жою. Өзегінен айрылған ағаш, тамырынан айрылған өсімдік қурамай қайтсін!? Ұлттық ұжданынан айырылған ұрпақ ендігі жерде ешкімнің зорлығынсыз-ақ өзін-өзі құртады. Бүгін қазақ тілін менсінбейтін «орысшылдардың» ортамызда әлі тайраңдап жүргені сияқты онда қытай ұлтын мәдениеттің көкесі санайтын «қауіпті будан» шаранасын жарып келеді. Олар арзан биліктің басына шығып, «қуыршақтарға» айналған кезде ата-анасының төбесіне шай қайнататын болады. Көресімізді сонда көреміз. Халық «қос тілді оқытудан» алаңдай бастаған осындай бір өтпелі кезеңде, Қытай елінің ұйғыр немесе қазақ секілді ұлт өркендерінің мектепте үздік оқығандарын ішкі өлкелерден тегін білім алуға, университетке түсуге жетелеуі сондай болашақтың іс-шаралары үшін күні бұрын істеліп жатқан жұмысы. Мұны қазақ «аюдың өз майына өз етін қуыру» деп атайды. Ертең отты солардың қолымен көсетіп, өзімізді-өзіміз шыжық қылсақ, онда олардың арманы орындалып, тәрбиелеген шәкірттерінің «үмітін ақтағаны» болмақ. Ендеше қайту керек?
Ондағы қазақтар Еуропа қазақтары секілді Аллаға сенім артуға дәрмені жоқ. Оған жол да берілмейді. Енді неге сенеді. Олар бүгіндері ұлттың ертеңінен көрі тірлік етудің, жан бағудың қамын көбірек ойлай бастаған түрі бар. Қара шаңыраққа деген сенімін айтпаған күннің өзінде Қытай мемлекетінің зейнетақы түсімі, кадрларының жалақысы, төмен тұрмыстағыларға беретін әртүрлі жәрдемақылар жіпсіз байлайды. Көшіп келейін десе керуенге кезігер кедергілерді айтпаған күннің өзінде, қазақ елінің қоржыны қоңылтақсып қалатын сәттерінен алаңдайды.
Кеңестер одағындағы қазақтардың тілін сақтап қалған ән, күй, кітап, кино, театр, радио-теледидар, Қазақ мектептері...тағы басқалар оларда қалай? Қазірше бәрі жақсы сияқты. Әсіресе радио-теледидардың қазақ тіліндегі таратылуы біздегіден де жоғары. (Шын мәнінде тілі қазақша болғанымен рухы қытайша, қытай мемлекетінің ұлттық тәрбиесі мен қауіпсіздігін өзек етеді). Алайда, өзгерісті біздің күре тамырымыз болған мектептен бастағаны – ұлы қасіреттің бастауы. Олай болса, ондағы қандастардың тілін аман сақтап қалудың жолы қалай деген ой туады. Қытай алып ел, шетелмен болған әрқандай байланыста: «Біз бір елдің ішкі ісіне, саясатына араласпаймыз, басқаларда біздің ішкі ісімізге араласпасын» дегенді басты назарда ұстанады.
Бір қызық жайт, кезінде қытайда «мәдениет төңкерісі» аталған саяси науқан қызып тұрған шақта шетел радиосын тыңдауға рұқсат етілмейтін. Рұқсат етілмей ғана қалмастан тыңдағандар қылмысты есептеліп, жазаға тартылатын еді. Шеңбер тарылып, шекесіне асық қыздырып басса да, сол жұрт радионы ұрлап тыңдайтын болған. Кейін қазақ елі еркіндік алғаннан кейін жұрт көңіліне тоғаю сезімі орнап, бейғам күйге түсті. «Бәрі бір қазақ еліміз бар, солар бізді жоқтап алады» деген алаңсыздық пайда болса керек, ешкім шектеу қоймаса да баяғы ынтасы жоқ.
Мәселе, олардың рухани қажеттілігінде болса керек. Бүгіндері олар неге зәру, бұл жағын бізден бұрын ойлаған қытайлар оларды көрініс жүзінде (әсіресе БАҚ өкілдері және ақша зәрулігі арқылы) алдаусыратып, іс-жүзінде тілдің тамырына балта шауып отыр. Мектептер арқылы оқушыларға қытай ұлтының ұлттық және отаншылдық идеясын сіңіру жолында идеологиялық жұмыстар істей бастады. Бір ғана «ұлы халық» – қытайлар жайындағы тәрбие тереңдей түсті. Ендеше, біз олардың «ішкі ісіне» ешқандай араласа
алмаймыз. Олардың ішкі ісіне араласу түгілі ұрпақ жаңаланған сайын өз қазағымызға айтқан сөзіміздің өзі селге кетуі мүмкін. Тіл өзгерсе – ұрпақ ұлттық ойлау жүйесін, дүниетанымын өзгертеді. Тегінен азады, рухын жоғалтады.Осы орайда, Қазақстан тарапы екі жақты қарым-қатынастардың күшеюін және стратегиялық әріптестік қатынастарды пайдалана отырып, Шынжаңдағы қазақтардың төл мүддесіне сай келетін және ұлттық рухын нығайтатын жүйелі, нысаналы және байыпты саясат жүргізуі қажет деп ойлаймыз.
Біріншіден, Қытайдың шекаралық аймақтарына қоныстанған қазақтардың «Қазақ радиосын» тыңдап, «Хабар», «Қазақстан» ұлттық телеарнасын көретінін ескере отырып, радио-телевизияда қытай қазақтарына қатысты (немесе «Шетелдегі қазақтар» деген тақырыппен) арнайы бағдарлама ашу жөн секілді. Мүмкін болса, онда қытайдағы қазақтардың өткен тарихы, бүгінгі тірлігі, әйгілі адамдары, болашақтың бағыты көрсетіліп отыруы керек. Әрі қытайдағы қазақтардың радио-телевизия тарату орындарымен арнайы байланысқа шығып, қазақ елінде түсірілген фильмдерді («Қазақфильм» немесе басқа да студиялар) оларға сыйға беріп, тегін тарату ісін қолға алған жөн. Ән-күй жағынан да ондағы қазақ радио-телевизиясына үнемі тегін көмек көрсету керек.
Екіншіден, Қытай жағы Қазақстаннан «Көрші» секілді журнал шығарып, қытай елінің «ұлылығын» санамызға сіңіруге астыртын жұмыс істеп жатыр. Біз Қытай жағынан Қазақстанды таныту, қазақ мәдениетін таныстыру мақсатында журналдар шығару ісін неге қолға алмаймыз!? Бұған Қытай жағы да қарсы болмас еді.
Үшіншіден, Қазақстан тарапы үнемі шетел қазағына бағытталған іс-шаралар ұйымдастырып, оған әр шетелден, әсіресе қытай қазақтарынан өкілдер қатыстырып отыруды жыл сайын емес, ай сайын орындап отыруы керек. Ол тек қана ақындар айтысы, мүшәйра, концерттік байқаулармен шектеліп қалмай әр түрдегі, әр мамандықтағы ғылым және өнердегі көп саланы қамтуы керек. Соның ішінде мектеп, университет аралық барыс-келіс көбейсе, ондағы қазақ жастары біздің ортамызға жиі келіп, адасуының алды алынар еді. Бұл шаралар Қазақстанда ғана өткізілмей кезі келгенде Шынжаңда немесе Қытайдың әр аймақ аудандарында жүргізіліп отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Аталған шараларды орындауға жауапты болуға Шынжаңда Қазақстанның мәдениет орталығын құру мәселесі тезірек қолға алынып, ол қазақ жиі қоныстанған Үрімжі, Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары бойынша жұмыс атқаруы тиіс
Төртіншіден, Шынжаңдағы қазақ баспалары мен Қазақстандық баспалар арасындағы және БАҚ өкілдері арасындағы, Жазушылар одағы арасындағы байланысты күшейту арқылы қазақ тіліндегі кітаптар мен басылымдардың сыртқа шығарылуын, өзара алмасуын, кітап көрмелері мен жаңа кітаптар тұсаукесерін өткізуін, түрліше түсіндірме сөздіктердің, энциклопедиялық еңбектердің дер кезінде жетіп тұруын, ондағылардың Қазақстандағы қазақ басылымдарын пошта арқылы жазғызып оқуын қамтамасыз ету керек.
Бесіншіден, Қазақстандық мұражайлар мен әртүрлі қоғамдық ұйымдар немесе жеке өнер иелері Шынжаңда ұлттық сипат алатын өз көрмелерін ашуды дәстүрге айналдыру керек.
Алтыншыдан, жоғарыдағы мазмұндар аясында екі ел қазағының арасында гастрольдік сапарлар жиі ұйымдастырылуы керек.
Жетіншіден, Қазақстан жағы латын әліпбиіне көшуді тездетіп, «Дүниежүзі қазағын біріктіретін» ортақ тілді рухани тұтастық қалыптастыруы керек. Біз латын әліпбиіне көшуді қанша баяулатсақ, шетел қазағына қатысты құрбандық солғұрлым көбейе бермек.
Сегізіншіден, Сыртқы істер министрлігі Қытайдың орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарындағы Қазақстанның біраз аумағын ежелгі өз территориясы етіп карталап отырғанына өзгеріс енгізуді қашан талап ететін болады? Уақыт өте келе санасы уланған ұрпақ Қазақстан аумағын Қытай территориясы ретінде тануы ғажап емес. Әрі Сыртқы істер министрлігінің Қытайдағы консулдық басқармасы немесе оның Үрімжідегі бөлімшесі қандастарға визаны кезексіз ашуды жолға қою керек.
Тоғызыншыдан, Қазақстан-Қытай арасында еңбек шартымен жұмысшы қабылдау туралы келісімі жасалып, оған тек қана қазақ жұмыскерлері тартылу керек. Қазақстан жеріне шет жұрттан келген қазақ жұмыскерлеріне тұраржай, тіркелу, емделу, балаларының оқуы сияқты жақтардан көптеген тиімділіктер жасалғаны жөн.
Оныншыдан, Білім және ғылым министрлігі немесе Көші-қон комитеті секілді мекемелер ондағы қандастардың атамекенге көшіп келуіне, отырықтануына, жастарының білім алуына, жұмысқа орналасуына барынша мән беруі керек. (Қазір көштің баяулағаны, келемін деуші студенттердің азая бастағаны жасырын емес).
Жоғарыдағы өтініш-талаптарды орындауда Қытайдың өз заңдарын негізге алу керек. Мысалы, 1984 жылы қабылданып, 2001 жылы өзгеріске ұшыраған «ҚХР ұлттық территориялық автономия заңының» 10-тармағында: «Ұлттық автономиялы жерлердің автономия органдары өз жеріндегі ұлттар да өз ұлтының тіл-жазуын қолдану және дамыту бостандығы, өз салт-сана, әдет-ғұрыптарын сақтау немесе өзгерту бостандығы болуына кепілдік етеді» делінсе, 21-тармағында: «Ұлттық автономиялы жерлердің автономия органдары міндет атқарған кезде, өз ұлттық автономиялы жерінің автономия ережесіндегі белгілемелер бойынша сол жерде жалпылық қолданатын бір немесе бірнеше түрлі тіл-жазуды қолданатындар территориялық алған ұлттардың тіл-жазуын негіз етсе болады» -делінген.
Бұл заң бүгінгі өздері бастап отырғантілдік өзгерістерге түбірінен сәйкес келмейді деген сөз. Біз Қазақстан-Қытай мәселесінде ең бастысы екі елдің бір-бірінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрқандай әрекеттерді болғызбау шарты аясында жұмыс істеп, икемді шаралар қолдана білсек, қандастар мүддесіне қатысты жұмыстарды да ойдағыдай орындай алар едік. Қытайларда: «қытайлықтар жүйелі сөзге жығылады» деген тәмсіл бар. Бұл дегендік өздері белгілеген заңның құзырына кіретін, қытай елінің мемлекет қауіпсіздігі мен компартия мүддесіне жат болмаған әрқандай ұсынысқа құрметпен қарайды дегенді білдіреді. Қазақтар мұндайда «сұрауын тапсаң бермейтін сараң жоқ», «жылы-жылы сөйлесең жылан да іннен шығады» деген мәтелдерді айтады. Демек, біз орынды ұсыныстарымызды орындатуға өзіміз мүдделі болсақ, қытай жағы қарсы болмас еді.
Жәди ШАКЕН