Мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер телімдері нарықтық бағамен алынады
2019 ж. 29 қаңтар
3229
1
Мемлекет қажеттіліктері үшін жер телімдері нарықтағы баға бойынша қайтарып алынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Әділет министрлігіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, 2019 жылдың 21 қаңтарында Мемлекет басшысы Меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманың одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша заңға қол қойды. Министрліктің пікірінше, бұл құжат «мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер учаскелерін қайтарып алуда тең бағалы ақы төлеуге мүмкіндік береді».
«Заңға сәйкес, енді мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер телімдері құқықтардың туындау себептеріне қарамастан, нарықтық бағада қайтарып алынады», - делінген ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта қайтарып алынатын телімдердің құны кадастрлық бағада немесе азаматтық-құқықтық келісімшартта немесе сот шешімінде көрсетілген баға бойынша анықталып жүр. Бұл бағалар жер учаскелерінің нарықтық бағаларына сәйкес келмейді. Одан бөлек, мемлекет пайдасына берілген жер учаскесінің орнына меншік иесіне тең бағалы жер телімін беру шығындары үшін заң жүзінде әкімдіктер жауапты болады.
«Осылайша, түзетулер азаматтардың алынған жер учаскелері үшін әділ қайтарым алуына бағытталған. Бұл мақсатта Жер кодексі мен «Мемлекеттік меншік туралы» Заңға сәйкес түзетулер енгізілді», - деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметі.