Көкшетауда «Рухани жаңғыру» сарайы салынады
2019 ж. 24 қаңтар
4711
0
Биыл Көкшетауда зәулім де сәулетті «Рухани жаңғыру» сарайының құрылысы басталмақ. Бұл туралы қала әкімі Ермек Маржықпаев тұрғындармен өткізген есепті кездесуінде мәлімдеді, - деп хабарлайды baq.kz.
Көкшетау курортты аймақ орталығы болғандықтан, алдағы уақытта туристік бизнесті дамыту қолға алынбақ.
«2019-2023 жылдарға арналған бағдарлама аясында Қопа көлі жағалауын жаңғырту жалғаса бермек. Көлдің ластануын тоқтату үшін Кенесары көшесінен орталық базарға дейінгі аралықтағы 300-ге жуық ескі үйлер сүріліп, орнына жоспардағыдай жолдар, үйлер, дәмхана-дәріханалар, яхт-клубтар, тағы басқа демалысқа қолайлы нысандар салынады. Бұл жұмыстар одан кейінгі жылдары жалғасын тауып, жобаның екінші кезеңінде Бармашын аумағынан Красный Яр аралығындағы саяжайлар қамтылады. Бурабай жақтан кіре берістегі келісті қақпа, көркем көрініс Зеренді беттен кіргенде де алдан қарсы алатын болады», - деді қала басшысы.
Биыл Бұқпа тауының басында қаланы тамашалауға арналған тағы бір орын ашылады. М.Әуезов пен З.Темірбеков көшелері қиылысында жаңа балабақша кешені және «Рухани жаңғыру» сарайы бой көтереді деп күтілуде.
«Биыл құрылыс басталатын 1200 орындық «Рухани жаңғыру сарайы» көп көрермен жинайтын атақты өнерпаздардың келуіне мүмкіндік тудырмақ. Сондай-ақ, онда жұмыс жасайтын әртүрлі бағыттағы үйірмелер жас таланттардың көзін ашпақ», - деді Е.Маржыпаев.
Әкімнің мәлімдеуінше, шаһарда тұрғындарды тасымалдауға кең де жайлы, 36 жаңа автобус сатып алынады. Көптен күткен Жылу электр станциясының құрылысы басталады деп күтілуде.
«Чайкино ауылына Қылшақты өзені үстінен өтер көпір жөнделді. Қаланың вокзал маңайындағы жаяу көпір ретке келтірілді. М.Ғабдуллин көшесі бойынан Қылшақты өзені үстінен Абылай хан даңғылына қарай өтетін автокөлікке арналған көпір биыл пайдалануға беріледі», - деді қала басшысы.
Осы жылы қалада 30 ойын, 15 спорт алаңдарын, жылы аялдамалар салу жоспарланып отыр. М.Горький мен М.Әуезов көшелері бойындағы оңға бұрылар қосымша жолдар қала тұрғындары үшін айтарлықтай қолайлылықтар әкелсе, осындай жолайрық биыл тағы екі жерден салынбақ.
«Қалада жол құрылысы қарқынды жүруде. Биылдан бастап Сағдиев көшесімен ағылған көліктер енді Наурызбай батыр көшесімен де жүретін болады. Осылайша кептелістерден де құтыламыз. Шаһарда 66 ауланың жөндеуден өтуі ойын баласы үшін де, ересектер үшін де қолайлы жағдай туғызып отыр. Әсіресе, Көкшетауды смарт-қалаға айналдыру жобасы көңіл қуантады. Қала бойынша қылқан жапырақты ағаштардың жаппай отырғызылуы экологиялық ахуалды жақсарта түсері сөзсіз», - дейді қала тұрғыны Есләмбек Шамғонов.