Төлеби ауданы әкімінің орынбасарын тапсырыспен өлтірмек болған - прокурор
2019 ж. 23 қаңтар
3333
0
Бүгін Түркістан облысы, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваға оқ атқандарға қатысты сот басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Прокурор Алмас Сағындықовтың сөзінше, шенеуніктің танысы Серік Бектанов бас араздығына байланысты Рабиға Бейсебаевадан кек алмақ болған. Сөйтіп Жамбыл облысының тұрғыны Әділет Төребековке xабарласып, тапсырыс берген. Ол үшін 1 млн 300 мың теңге беруге уағдаласқан. Осыдан кейін Төребеков, Тазабеков және Амалбаевтар бұл тапсырысты орындауға оқталған. Алайда алғаш рет арам ойларын жүзеге асыра алмайды. Екінші рет тағы барып, үшеуі аудан әкімі орынбасарының үйінің маңына келіп, оны өлтірмек болады.
«Төребеков жерден тас алып, Бейсебаева мен жүргізушісі Биболовқа қарай лақтырған. Бейсебаеваға қарай көше бойында үш рет тапаншамен оқ атқан. Өздері оқиға орнынан бой тасалаған. Салдарынан жеңіл дене жарақатын алған Рабиға Бейсебаева Леңгір қалалық ауруxанасына түскен»,-деді прокурор Алмас Сағындықов.
Осыдан кейін тапсырыс беруші үш күдіктіге қолма-қол ақшаларын берген. Сотта тапсырыс беруші Алихан Амалбаевқа Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігімен («Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi»), 293 бабының 3 бөлігі 2 тармағымен («Бұзақылық, атыс қаруын, газды қаруды, пышақтарды, кастеттердi және өзге де суық қаруды не денсаулыққа зиян келтiру үшiн арнайы лайықталған басқа да заттарды қолданып немесе қолдануға тырысып жасалған іс-әрекеттер»), Бектановқа Қылмыстық кодекстің 287-бабы 4- тармағымен («Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру»), 28-бабы 5-бөлігімен, 293-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен айып тағылды. Ал, Төребеков пен Тазабеков Қылмыстық кодекстің 287 бабы 4 тармағымен және 293-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен айыпталуда.
Еске салайық, өткен жылдың қазан айында Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваға белгісіз біреулер шабуыл жасап, өлтіруге әрекеттенген болатын. Түскі үзіліс кезінде қызметтік көлігімен үйіне келген сәтте үш тұлға оған қарай бірнеше рет оқ атқан еді. Шенеунік еңкейіп қалып, көлігінің есігін құлыптап үлгереді. Осы кезде шуды естіген көршілер жиналып, сезіктілер қашып кеткен. Осылайша аудан әкімінің орынбасары аман қалған болатын. Аталған оқиғадан кейін өңірдің тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысы бар деген күдіктілерді ұстағанын хабарлаған.