Өнерді дәріптеді өрелі ел
2010 ж. 25 ақпан
1358
0
Таяуда Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамашылдығымен тұңғыш рет өткізіліп жатқан «Тәуелсіздік толғауы» атты халықаралық бәйгенің қорытындысы жарияланды. Байқауға өз елімізден ғана емес, алыс-жақын шетелдердегі қандас бауырларымыз қатысып, бақтарын сынады. Алты номинация бойынша ұйымдастырылған бәйге отандық композиторлар мен драматургтердің, ақындардың шығармашылығын тікелей қолдау, ұлттық опера-балет, драмалық театрлар және жалпы, музыка саласының бәсекелестігін арттыруды мақсат етіпті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Мұхтар Құл-Мұхаммед:
-Бұл бәйге біздің барлық алға қойған үмітімізді толықтай ақтады. Оған бірінші рет АҚШ, Канада, Германиядан тағы да басқа шет елдерден талапкерлер қатысып отыр. Мұндағы басты мақсат – бәйге емес, отандық театрлардың репертуарын тың туындылармен толықтыру болып отыр. Бәйгеде үздік деп танылған шығармалар биылдан бастап, отандық театрларда қойылатын болады – деді. «Ең үздік балеттік шығармалар» номинациясы бойынша бірінші жүлдені Әділ Бестібаевтың «Жерұйық» балеті, екінші орынды – Балнұр Қыдырбектің (либреттосы – Тұрсынбек Нұрқалиевтікі) «Адамзатқа аманат» балеті иемденді.
Алмас Серкебаевтың «Дар Байтерека» операсы «Ең үздік опералық шығарма» деп танылды. «Ең үздік камералық музыка» номинациясының алғашқы орыны Арман Жайымовтың «Көроғлысына», екінші және үшінші марапаттар – Артық Тоқсанбаевтың «Дала нақыстары» поэмасы мен Әліби Мәмбетовтың «Трио-элегиясына» бұйырды. «Ең үздік бүгінгі заман әндері» номинациясы аясында бірінші жүлдені Рыспанбет Байдалының «Туған елім, дарқан жерім» әні, екінші орынды – Айсұлу Тәниеваның «Астана» және үшінші орынды – Естай Әлікеевтың «Алға,Қазақстан!» әндері иеленді.
Марат Ильясовтың (өлеңі – Әбдірахман Асылбектікі) «Егеменді елім-айы» «Ең үздік балалар әндері» номинациясының бас жеңімпазы атанса, екінші, үшінші орындар Серік Еркімбековтың «Свет дальней звезды» әні мен Шолпан Қорғанбекованың (өлеңі – Серік Тұрғынбектікі) «Бала бақытына» бұйырды.
Дулат Исабековтың «Жаужүрек» пьесасы «Ең үздік драмалық пьеса» атанса, осы номинацияда екінші орынды Нұрғали Ораздың «Адасқан жұлдызы» және Жолтай Әлмашұлының «Жапон аруының арманы», үшінші жүлде ақын Иранбек Оразбаевтың «Портмонесі» және жазушы Тұрсынбай Жандәулетовтың «Жұбай саудасы» пъесалары иемденді.
Бәйгеде тек жүйріктер ғана оза шабатыны белгілі. Ал бұл халықаралық дәрежеде өткен бәйгеде ең үздік опералық шығармалар мен ең үздік балеттік шығармалар бойынша бірінші жүлдеге – 4 млн 500 мың теңге, ал ең үздік драмалық пьесаның бірінші бәйгесіне – 1 млн 500 мың, ең үздік камералық музыкатуындысына – 500 мың теңге, ең үздік қазіргі заманғы әндердің бас бәйгесіне – 300 мың теңге, соңғысы, ең үздік балалар әндері номинациясының бірінші жүлдесіне 300 мың теңге қаржылай сыйлықтар берілді.
Бәйге барысында жүлделі орындарды иемденген шығармалар жетекші театрлар мен концерттік сахналарда көрсетілетін болады.
Гүлмира САДЫҚОВА