«Қазтелерадио» компаниясына 11,6 млн теңге айыппұл салынды
2019 ж. 09 қаңтар
3149
1
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «Қазтелерадио» АҚ-ға қатысты монополияға қарсы заңнаманың бұзылуын тергеп-тексеруді аяқтады, - деп жазды baq.kz.
Комитет «Қазтелерадио» АҚ-ға қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 2-тармақшасында көзделген үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану бөлігінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуына тергеп-тексеру жүргізді.
«Қоғамның әрекеттерінде телекоммуникациялық жабдықтарды сақтау жөніндегі қызметтерге нарық субъектiлерiмен немесе тұтынушылармен жасалған мәні бірдей келiсiмдерге объективті түрде ақталмайтын себептермен әртүрлi бағаларды не әртүрлi шарттарды қолданудан көрінген Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу фактісі анықталды», - делінген ҰЭМ ресми сайтында.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2018 жылғы 20 қарашадағы қаулымен «Қазтелерадио» АҚ құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 11 618 205,36 теңге мөлшеріндегі әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданды. Жаза заңды күшіне енді.
Бұдан бөлек, компания атына Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын бұзушылықтарды тоқтату және олардың салдарларын жою туралы нұсқама шығарылды.