«Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысы құрылуда

Жақында «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысының белгілі қоғам қайраткері Ғазиз Алдамжаров басқаратын ұйымдастыру комитеті бұл халықтық қозғалысты құрушылар мен оған мүше болып қатысушыларға арналған «ОРТАҚ КЕЛІСІМ» деп аталатын құжаттың мәтінін талқыланды.

               Онда «біз – қазақ еліндегі қоғамдық, саяси, шығармашылық ұйымдардың, бірлестіктердің, бейүкіметтік  мекемелердің өкілдері және жеке тұлғалар «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысын құру, оған мүше болу арқылы ел үшін аса маңызды мынадай тіндеттерді бірлесіп атқаруға ұйғарым жасадық» дей келе он міндет санамалап көрсетілген. Олардың ішінде ұлттық саясат тұжырымдамасының жобасы халықтың назарына ұсынылған болса, қалған тоғыз бап бойынша барлық жұмыс алда деуге болады. Мысалы, кешегі отырыста билік алдына қояр «Жер туралы Кодексті», «Жер қойнауы туралы» заңды қайта қарау туралы талапқа енді электр қуатын өндіру, байланыс, темір жол секілді стратегиялық нысандарды да мемлекет меншігіне қайтару да қосылды. Осындайда «күн-көсем» В.И. Лениннің 1971 жылғы қазан төңкерісі кезінде «ең бірінші кезекте вокзалды, банкты, пошта мен телеграфты алыңдар!» деген бұйрығы еске түседі. Әрине, бұл талаптың қайсысы болса да қазақ ұлтшылдары тағы бір төңкеріс-революцияға дайындалып жатыр, соған елді шақырып жатыр дегенді  білдірмейді.

          Бірақ, эволюциялық жолмен даму немесе талап-жігерінің жоқтығынан дамудың бұл жолымен жүрмей, елді еріксіз революцияға апару – биліктің таңдауындағы шаруа. Батыста биліктегілер революциядан аузы әбден күйгендіктен халықтың талап-тілегінің алдын алып орындап отыруды үйреніп алғандығының арқасында ғана бүгінгі таңда «қасқыр да тоқ, қой да аман» күй кешіп, кезінде біздің еліміз бастаған социализмді өз елдерінде орнатып алғандығына бүгін бүкіл әлем куә. Біздің халқымыз болса осыншама мол байлықтың үстінде отырып, жартылай аш, жартылай жалаңаш өмір сүріп отыр. Ненің «арқасы»? Биліктің жемқорлыққа белшеден батқандығының, елімізде билік бір жақта, халық бір жақта екендігінің, темір жолдың рельсі секілді екеуінің мүддесінің қосылмай жатқандығының «арқасы». Балаларымыз баратын балабақша жетпей, оқитын мектеп жетпей жатқанда тойып секіріп жүргендердің 72 млн.долларға Женева көлінің жағасынан керемет үй-жай, оның алдында ағылшын ханзаданың осындай бір особнягін ескі де болса 36 млн.долларға сатып алып жатқандығының арқасы. Жүз милллион доллардан асатын осы екі үйдің ақшасына кем дегенде 100 мектеп немесе 200 балабақша салуға болар еді ғой. Сөйтіп, халықтың арқасында қолы жеткен қисапсыз көп байлықтың мыңнан бір бөлігін болса да сол халықтың өзіне қайтаруға болар еді ғой, сәл де болса алғыс алуына болар еді ғой... Бірақ, биліктің оны ойлауға шамасы жоқ. Керісінше, бейне бір мол байлық ата-бабасынан мұра болып қалғандай-ақ неге менің қоябамды қазасыңдар деп өз елінің баспасөзімен күресіп әлек. Кезінде Тарғын деген қазақ батыры өз елінің бір азаматын абайламай өлтіріп алғаны үшін Отанынан безіп, шет жұртқа кеткен екен. Ал, бізде заманымыздың Заманбектей ерін бір емес үш рет атып өлтіреміздағы елден безіп кету қайда! – алдына барған қазаққа қолынан келген жақсылығын аямаған аяулы, асыл азаматтың өлімін «өзін-өзі атқан» деп мазаққа айналдырамыз. Билік өзі күнде болмаса да күнара барып жүрген Батыстан жоғарыда айтып өткеніміздей үлгі алып, халықтың өз байлығын өзіне қайтарып отырудың орнына оның аузындағысын жырып алып, анда-санда итке сүйек тастағандай бірнәрсені беріп алдап қойып, қалған уақытта «маған не қыла аласың» дегендей білгенін істегенін қоймаса қанмен келген Тәуелсіздіктен айрылып қалуымыз әбден мүмкін. Сорлайтын тағы да қалың қазақ болады. Кезінде өз мүддесі үшін кеме-қайығын сайлап алған жоғарыдағылар жабайы нарықтың дариясына әкеліп тоғытып, жүзу білмейтін қаншама халықты қарап қылып еді... Қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағандардың, одан да бұрын халқының қамын ойламайтындардың іс-әрекетінің салдарынан күндердің күнінде қазіргіден де жаман күйзеліске душар болсақ, биліктің, демек байлықтың құлағын ұстағандардың қылшығы да қисаймайды, олар Женева секілді жер жәннатындағы дайындап қойған хан-сарайларына ұшаққа мініп, ұшып кете барады... Ендеше, «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысын құру – бүгінгі күннің ең өзекті талабы. Шегінер жер қалған жоқ!

 

                                                                                                                                                    Өмірзақ АҚЖІГІТ