Қазақстанда идеология бар ма? Абаев Марғұлан Сейсембаевқа жауап берді
2018 ж. 28 желтоқсан
1889
0
ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев кәсіпкер Марғұлан Сейсембаевтың форумдағы айтқанына пікір білдірді. 2018 жылдың қарашасының басындағы форумда Сейсембаев Қазақстанда идеологияның жоқ екенін айтқан еді, - деп хабарлайды qamshy.kz.
«Белгілі кәсіпкер өз сөзінде мемлекеттік идеологиялық саясат пен оның тиімділігі жайында ой толғапты. Меніңше, негізгі айтпағы – дұрыс. Расында, біз мемлекетімізде уақытша жүрген адамдар емеспіз, оның болашағын ойлауымыз тиіс, өркендеуі мен дамуы жолында істер жасауға ұмтылу – мақсатымыз. Бірақ Марғұлан Қалиұлымен келіспейтін тұстарым да жетіп артылады.
Бүгінде елімізде «идеология» деген түсінікті сарапшылар дұрыс пайдаланбай келеді. Олардың ойынша, экономикалық, әлеуметтік-саяси проблемаларды түбірімен жою үшін дұрыс бағыттағы идеология қалыптастыру керек. Бұл – қоғамдағы идеология деген түсініктің ең қарабайыр түрі. Идеологияны дұрыс қалыптастыру үшін де тиісті құралдар қажет: институттар, әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасалуы тиіс», - деді министр.
Дәурен Абаевтың айтуынша, Қазақстанда идеологиялық саясат жұмыс істеп тұр. Бірлік пен келісім – идеологияның нәтижесі.
«Қазақстанда діни еркіндік бар, құдайға сене ме, атеист бола ма, мұсылман, әлде христиан бола ма, адамның өз еркі. Әлемнің өзге тұстарында не себепті геноцид орын алып жатыр. Себебі, олар жолдан тайғандар. Біздің жастарымыздың бойында патриоттық сезім бар, Отанға қауіп төнсе, өре түрегеледі. Жердің қай бұрышында болмасын, көк туымызды биікте ұстайды. Мұның өзі идеология емес пе?
Біз өзгергіміз келмей ме? Жаңаға ұмтылу – дамып жатқанымыздың көрінісі. Жақсы өмір сүргің келсе, өзгересің. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының айтпағы да – осы», - деп сөзін қорытындылады министр.
Қарашаның басында Астанада өткен стратегиялық бастамалар форумына Марғұлан Сейсембаев идеологиялық саясаттың жоқтығын айтқан еді.
«Еліміздегі идеология деген түсінікке саятын – тек «Рухани жаңғыру» ғана. Бізде идеология деген жоқ. Идеология деген көңіліңді демеп, жаныңды рахатқа бөлеп, ұйқыдан оятуға себеп болатын бір белгісіз күш. Қарапайым мысал келтіріп өтейік. АҚШ-тың тәуелсіздік декларациясында адамның бәрі құдай алдында бірдей, бәрі дерлік өмір сүруге, мықты денсаулыққа, бақытқа құқылы. Адамның жанына майдай жағатын қандай керемет сөздер. Бірақ «Рухани жаңғырудың» белгісі... Ол өз атын шығару үшін ғана жұмыс істеп отырған корпорация іспеттес. Өз басым, маған мүлдем әсер еткен жоқ», - деген еді бизнесмен.