Павлодарда жаңа жылдық безендіруге 41 миллион теңге бөлінді
2018 ж. 22 желтоқсан
3123
0
Облыс орталығын Жаңа жылға сай безендіруге Ертіс өңірінде 41 миллион теңге бөлінді. Оның 10 миллион теңгесі облыс орталығындағы бас шыршаны құрастыруға және әшекейлерге жұмсалған, — деп хабарлайды 24.kz.
Атап өтерлігі, Сәтбаев көшесіне орнатылған үлкен шыршаны жергілікті билік 2013 жылы 32 миллион теңгеге сатып алған болатын. Сөйтіп, жаңа жылдың символы бес жыл қатарынан кәдеге жарап келеді.
Мерекенің сәнін келтіруге демеушілер де атсалысты. Арнайы меморандум аясында олар құны 24 миллион теңгеге 7 метрлік екі шыршаны қалалық Гагарин саябағы мен Усолка мөлтек ауданына орнатыпты. Ал шаһардың көрікті жерлерінде металлдан жасалған шыршалар, түрлі иллюминациялар пайда болды. Биыл алғаш рет қала көшелері көгершін бейнелі және сүңгі тәрізді жарық беретін шамдармен безендірілді.
Әлібек Оразалин, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
— 41 миллионның ішіне 10 миллион орталық шырша, қалғаны мынау орталық саябақта біз үлкен мына «колесо обозрения» дейміз соны жарықтандыруға 15 миллиондай ақша бөлінді. Қалған ақшалар бізде жыл сайын 80-ге жуық жалпы кішкентай элементтер бар солардың бәрін орнату үшін жұмсалған.