Астанада еліміздің бас шыршасы жағылды
2018 ж. 19 желтоқсан
3571
0
Астанада жаңа жылдық бас шыршаның шамдарын жағу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елордадағы ЭКСПО көрмесі төрінен орын алған еліміздің бас шыршасының биіктігі 25 метр. Оны безендіруге 1200 түрлі-түсті шар мен 4 мыңнан астам жылтырақ ойыншықтар жұмсалды. Салтанатты шараға қала әкімі Б.Сұлтанов қатысып, шыршаның шамдарын жақты.
«Жаңа жыл - әлемдегі кең көлемде аталып өтетін мерекелердің бірі. Бүгін Сіздермен бірге жылдағы дәстүр бойынша бас шырша шамдарының жағылуына куә болудамыз. Жаңа жыл отбасылық мейрам болғандықтан Астанада оған дайындықты жоғары қарқынмен жүргізудеміз. Биылғы жыл еліміз үшін де, елорда үшін де табысты болды. Алдағы жылы атқарылатын игі істер өз жалғасын табады», - деді елорда әкімі.
Шара барысында жиналған қауым еліміздің өнер жұлдыздарының концертін тыңдап, сондай-ақ отшашу рәсімін тамашалады. Сонымен қатар, мерекелік қызықтан кішкентай көрермендер де құр қалмады, олар үшін арнайы аниматорлар мен алып қуыршақтар түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырды.
Қала бойынша шырша шамдарын жағу рәсімі ЭКСПО-дан бөлек тағы 11 жерде өтті. Атап айтқанда «Қазақ елі» монументі, «Ханшатыр» СОСО, «Ботаникалық бақ», «Президенттік саябақ», Қалалық алаң, «Столичный» саябағы, «Алатау» СК, «Жастар сарайы», «Есіл жағалауы», «Ататүрік» саябағы және «Жастар» театры алаңында.
Айта кетсек, биыл қыста қала тұрғындары мен қонақтары үшін 12 тақырыптық алаң, 32 мұз айдыны, 36 мұз төбешік және түрлі 400-ден аса жаңа жылдық шара қарастырылған.