Дариға Назарбаева кеден бекетіндегі біраз былықтың бетін ашты
2018 ж. 07 желтоқсан
2788
3
Контрабандалық тауарлардың артында кеденшілер тұр. Дариға Назарбаева еліміздегі кеден бекетіндегі біраз былықтың бетін ашты. Сенатордың мәлімдегендей, кеденшілер импорттың, әсіресе, Қытайдан келетін тауардың көлемін жасырып қалады. Сөйтіп, кәсіпкерден пара алғанымен қоймай, оларды салықтан босатады.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.Қытай тауары елімізге көбіне «Қорғастан» өтеді. Яғни жұрт күнделікті тұтынып жүрген түрлі техника, көкөніс, киім-кешектің басым бөлігі дәл осы кеден бекеті арқылы ішкі нарыққа тарайды. Бірақ ағылған жүк көліктерінің бәрі бірдей баж салығын төлеп жатқан жоқ. Кәсіпкерлер артық шығыннан айналып өтудің жеңіл жолын тапқан. Кеденшілердің қолына теңге қыстырсаңыз болды, қиындықсыз қақпаны аша салады, - дейді.
Дариға Назарбаева, Сенат депутаты:
- Қытаймен арадағы тауар айналымына келсек, 11 түрлі бұйым бойынша статистикалық мәлімет 50 пайызға төмендетілген. Мәселен, елімізге киім, жиһаз, төсек-орын жабдығы, ойыншық, көкөніс пен жеміс-жидектің 60-90 пайызы контрабандалық жолмен келіп жатыр.
«Transparency Kazakhstan» қоры жүргізген зертттеудің қорытындысында «біздің кеденшілер параға, ақша бопсалау мен жемқорлыққа бір табан жақын» деп ашық жазылған дейді депутат. Өйткені, импорттық тауардың тек 10-45 пайызына баж салығы салынады. Қалғаны кеденшілердің қалтасында кетіп жатыр. Бұл – бюджетке қып-қызыл шығын дейді сенатор.
Дариға Назарбаева, Сенат депутаты:
- Оңтүстік Корея мен Жапониядан келетін кейбір тауарлар көлемі 60 пайызға төмендетілген, ал Пәкістаннан керісінше 80-100 пайызға жоғары. Ұлыбританиядан да жалған көшірме заттар өткен. Сондай-ақ, кеденшілер АҚШ-тың импортын да 50 пайызға төмендетіп көрсетеді.
«Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры 2013 және 2017-ші жылдар аралығында еліміздің Азия, Еуропа мемлекеттерімен және АҚШ-пен сыртқы саудаға қатысты статистиканы салыстырып, үлкен айырмашылықты анықтапты. Сондықтан Дариға Назарбаева Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың бұл мәселеден хабары бар ма деп Үкіметке сауал жолдады. Әзірге кеденге жауапты министрлік үнсіз.
Сонымен қатар сенатор контрабандалық тауарлар мен кеденшілердің жемқорлығынан мемлекетке келген зиян мөлшерін жариялауды талап етті. Өйткені заңсыз өткен жүк қазынаға қып-қызыл шығын ғана емес, тіпті, адамдардың денсаулығына төнген қауіп дейді депутат.
Сондай-ақ, Дариға Назарбаева Қытайдан келінетін тауарды көлікке тиеп, тауарды түсіру де тек Қазақстан аумағында жүргізілсін деген келісім жасауға кеңес берді. Сонда шекара маңындағы елді мекен тұрғындарына жұмыс орны ашылады.