Баланың миы шайқалып, беті тілінген: балконнан банка лақтырған әйел сотталды
2018 ж. 05 желтоқсан
3164
0
Семейдің №2 қалалық сотының үкімімен тұрғын әйел 700 мың теңгедей өтемақы төлеуге міндеттеліп, жарты жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 10-қабаттағы балконда тұрып, үш литрлік банканы қолынан түсіріп алыпты.
39 жастағы сотталушы Наталья Сергееваның сөзіне сүйенсек, ол мұны әдейі жасамаған, жазатайым оқиға екен, деп жазады Altaynews.kz.
Әйелдің айтуынша, төтенше жағдай күні балконда үш литрлік банканың ішіндегі жұмыртқаның қабығын қағып түсірмек болғанда, абайсызда қолынан шығып кетеді. Салдарынан банка төмендегі үш баланың бірінің басына құлаған.
Тоғыз жастағы бала қатты жарақат алады. Миы шайқалып, әйнек бетін тілгілеп тастаған. Жарақат ізі өмір бойы кетпейтінін ескеріп, сарапшылар оқиғаның салдарын денсаулығына ауыр зиян келтіру деп бағалады.
Ал отбасының адвокаты хабарлағандай, сотталушының сөзі жалған, мұны тергеу амалдарынан байқауға болады.
"Банканы байқаусызда түсіріп алса, ол жерге жетпес еді. Балалар отырған жер 9 метр 80 сантиметр қашықтықта болған. Әдейілеп лақтырғанда ғана балаларға тиетін еді. Біздіңше, сотталушы мұны қасақана жасаған", — дейді жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірхан Сейілбаев.
Үкім шығарған кезде сот оқиға күні әйел адамның мас болғанын ескерді.
Әйел алты айға бас бостандығынан айырылып, моральдық және материалдық шығын ретінде 663 мың сома төлеуге міндеттелді.
Дереккөз: sputniknews.kz