КТК телеарнасының редакциясына кім "бомба қойғаны" анықталды
2018 ж. 23 қараша
2682
0
КТК телеарнасының редакциясына телефон шалып, бомба туралы хабарлаған адамның жеке басы анықталды. Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдегендей, ол бұрын сотталған азамат болып шықты.
"Ол бұрын қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталған. Әзірге қамауға алынған жоқ", — деді ол Sputnik Қазақстанға.
Әзірбектің мәліметінше, қоңырау шалынғаннан кейін ірі телеарналар, газет және интернет-басылымдардың редакциялары орналасқан Республика алаңындағы ғимараттан шамамен 600 адам көшірілді.
"Ішкі істер органдарының 30 қызметкері жұмылдырылды. Ғимаратты тексеру сағат 12.45-те басталып, 13.35-те аяқталды, жарылғыш құрылғы табылмады", — деп түсіндірді ол.
Ғимаратқа бомба қойылғаны туралы хабарлама КТК жаңалықтар қызметіне күннің алғашқы жартысында түсті. Бұл ақпаратты журналистер дереу Алматы полиция департаментінің Жедел басқару орталығына жеткізді.
Полицейлер ҚР ҚК 273-бабы "Терроризм актісі туралы жалған хабарлама тарату" бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.