Шығыс Қазақстанда тағы да көмір жетпей жатыр
2018 ж. 21 қараша
3284
0
Қаражыра кен орны бар Шығыс Қазақстанда тағы да көмір жетпей жатыр. Облыс орталығы Өскеменнің өзінде қара алтын үшін кезек күткендердің қарасы көп. Тіпті тағаты таусылғандар бірін-бірі көлікпен таптап кете жаздауда. Ал түрлі әлеуметтік топтағы жандарға таратылатын отын қарашаның басында таусылып қалған.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.Сейтқан үшінші топтағы мүгедек. Әкімшіліктің әлеуметтік әл-ауқаты төмен жандарға арналған көмірге зәру. Жылдағы әдеті бойынша қара алтынға тапсырысты қыркүйек айының ортасында беріпті. Бірақ әлі ала алған жоқпын дейді.
СЕЙТҚАН ҚАЛИЖАНОВ, Өскемен қаласының тұрғыны:
– Міне кеше жолдасымнан екі мешок алдым. Ол болмай жүріп салып берді. Соны түсіріп алдым. Содан туған туысқандар. Одардың өздерінің үйлері бар, жер үй. Олар қашанғы береді маған. Қыс бойы бере ме?
Облыс орталығында Сейтқан секілді отынсыз отырғандар көп. Себебі оларға деген көмір қараша айының бірі күні бітіп қалған. Бірақ жауапты мекемедегілер бұл ақпаратты алып қашпа әңгімеге балап, Өскемен үшін әлі 300 тоннадай көмір Қаражыра кен орнында тұр деп сендірді.
АСХАТ БҰҚАТОВ, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
– Ондай ақпарат бізге әлі келіп түскен жоқ. Кеше Қаражыра мекемесінің жауапты жұмысшылары бізде іссапарда болған. Олардың беріп отырған мәліметі бойынша әлі де алатын көмір бар. Ол біткен жоқ.
Ал қаладағы көмір келетін орындағы жағдай тіптен жан түршіктіреді. Апталап жатып күтетіндерін айтпағанда кезекке таласқандар бірін-бірі таптап кете жаздап жатыр. Мұндағылар болса қатты отынның кешігіп келіп жатқанын растап отыр.
ИВАН ТИМОФЕЕВ, «ВЭУС» ЖШС директоры:
– Бізге әлі 128 вагон көмір келген жоқ. Жоспардан қалып келеміз. Күніне 12-15 вагон көмір жеткізілуі тиіс. Бірақ орта есеппен санасақ бес вагоннан ғана жеткізілуде. Оның өзінде кей күндері мүлдем келмей қалады.
Шығысқазақстандықтар үшін көмір жетіспеушілігінен бөлек, бағасының ерекше шарықтап кетуі де жығылғанның үстіне жұдырық болып тигендей әсер етуде.
Мәселен, Қаражыра кен орнында 1 тонна көмірдің бағасы 6 630 теңге. Ол жерден 550 шақырым қашықтықта орналасқан Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатқа жеткенде ол баға 23 000 теңгеге дейін шарықтап шыға келеді. Яғни, жекеменшік көлік иелері шығатын шығын шаш етектен дейді. Есепке жүгінсек, тіркемелі Камаз автокөлігіндегі 20 тонна көмір ауыл халқына 460 000 теңгеге сатылады. Оның 123 600 теңгесі көмір сатып алуға кетсе, 80 000-ы жанармайға жұмсалады екен. Одан қалатыны 247 400 теңге.