Туристер шетелде демалуға мәжбүр: «Көкжайлау» курорты қашан салынады?
2018 ж. 09 қараша
2051
0
«Бізге Көкжайлау курорты керек пе?» деп тараптар төрт жылдап дауласып жатқанда, көршілес Өзбекстан мен Қырзғыз елі тау-шаңғы курортын көптеп салуға білек сыбана кірісіп кетті. «Ақбұлақты» қалалықтар алыссынса, «Табағанға» табанымыз тигенімен, шаңғы тебуге мүмкіндік шектеулі дейді спорт сүйер қауым. Ал «Шымбұлақтың» шама-шарқы қонақты көптеп қабылдауға қауқары жетпейді. Сәйкесінше, спортшылар мен тұмса табиғатты тамашалауға отандастарымыз шетелге баруға мәжбүр. Егер «Көкжайлау» курорты ашылса, бұл мәселе қаншалықты өз шешімін табады?
Бұл туралы almaty.tv хабарлады.Біз Көкжайлауды курортқа айналдыру керек пе деп таразы басын теңестіре алмай жатқанда, туристік орталықтарға күн сайын отандастарымыз шетелге жолдама сұрап келіп жатыр. Өйткені онда қағазға түсірілген жобалар нақты іске көшкен. Мәселен, Қырғызстанда қыста демалушыларды қабылдайтын 15 спорттық база жұмыс істейді. Алдағы уақытта Ыстықкөл маңында тағы да бес тау-шаңғы курортын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Өзбекстанда да былтыр екі курорт ашылған. Алдағы уақытта тағы да біреуі ашылады деп күтілуде.
Мұнда мәселе тек курорттың қаптап салынып жатқанын да емес, бастысы, оның қызмет көрсету сапасында дейді мамандар. Содан кейін, бағаның қарапайым халық үшін қолжетімді болуы туристік хабты қалыптастыруға оң әсер ететінін ескерген жөн дегенді алға тартуда. Біздің ел азаматтары мен қытайлықтардың көбі айыр қалпақты ағайынның тауында тыныстап, шаңғы тебуге көбірек барады. Себеп – қолжетімділік. Ал ресейліктер үшін Қазақстанның шың басындағы Шымбұлағы тиімді. Егер Көкжайлаудың екінші тынысы ашылса, қытайлықтар бізден аттап қырғыз еліне бармай, Алатаудың бөктеріне асығар еді.
«Қыстыгүні түгілі, қазірдің өзінде Қарақолға сұраныс бар. Өзбекстанға да сұраныс артуда. Өйткені, сенбі, жексенбі күндері Шымбұлаққа халық сыймай кетеді. Бізде бәсекелестік деген жоқ қой. Егер мұнда бес күн өзінің үйінен баратын болса, 50 мың теңге кетеді. Ал Қырғызстанда ол баға 25-30 мың теңге болуы мүмкін», – деді туристік компанияның жетекшісі Раушан ИБРАГИМОВА.
Көрші мемлекеттің қазынасын қампайтып жатқан отандастарымызға өкпе жоқ дейді сарапшылар. Обалы өзімізге деп қысқа қайырды. Ұққанымыз, «Көкжайлау» салынбайынша, тау-шаңғы спортын ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде дамыту мүмкін емес.
«Неге Шымбұлақ қымбат? Әрине, бәсекелестік болмаған соң да қымбат болады. Зерттеп қарасақ, Қырғызстанның Қарақолы бар, Ресейдің Сочиі бар, Грузияның курорты бар. Аустриядағы Альпі бар. Меніңше, Алматы қаласында мынандай әлеуетпен курорт салу керек, курорт болуы керек», – деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ.
Туристерді тарту, олардан пайда көруден бұрын, отандық спортшы қауымның да жағдайы мәз емес. Өйткені, көздегендерін қырық жылдап күтуге мәжбүр. Айтуларынша, көңілдеріне қонымды аумағы үлкен тау-шаңғы аймағы ашылса дейді. Олардың да қалауы «Көкжайлаудың» құрылысы тезірек басталса. Оған дейін, көрші Қырғыз бен Қытайдың таулы аймақтарында жаттыға тұруларына тура келеді.
«Біз «Көкжайлаудың» салынуын 40 жылдан бері күтіп жүрміз. Кеңес үкіметі кезінен бері осы спорт алаңы салынады деп еді, әлі күтудеміз. Қысқы ойындар олимпиадасынан қанжығамыздың да дұрыс майланбайтына осындай курорттардың жоқтығы себеп. Егер «Көкжайлау» салынса, біз көрші Қытай мен Қырғыз еліне үлкен дайындықтар үшін бармас едік. Өз елімізде, өз алаңымызда жаттығар едік. Курорт бой көтерсе, сноуборд, шаңғы, фристайл ойындары бойынша чемпиондар көптеп шығатыны анық», – деді тау-шаңғы спорты бойынша Алматы қаласының бас жаттықтырушысы Павел САВЧЕНКО.
Ал қалтасы қалың азаматтар ТМД елдеріне емес, тікелей Еуропаға тартатыны түсінікті. Өйткені, ол жақтың қызмет көрсету сапасында сын жоқ. Ал шаңғы тебуге арналған жолақтың ұзындығы біздікіне қарағанда екі есе ұзынырақ келеді екен. Мәселен, әлемде жер көлемі жағынан шағын, небәрі 6 миллион халқы бар Аустрияның өзінде 400-ден астам тау-шаңғы курорты бар. Сол секілді, Андора мен Швейцария елдері де үздік қысқы демалыс орындарын салудан алдарына жан салмайды. Ал Қазақстандағы «Көкжайлау» шипажайының құрылысы қарқын алмақ түгілі, оны салудың қажеттілігі қанша деген сауал дау-дамайға ұласып, 4 жылдан бері демалыс орнының жобасына бірнеше рет күрделі өзгерістер енгізілді. Соңғы техникалық негіздемеге көңілі толған саясаттанушы Айдос Сарым «Көкжайлау» әлеуметтік жобасы дүниежүзіндегі озық тау-шаңғы орындарының қатарына қосылуына әбден лайықты екенін алға тартуда.
«Қаламыз одан ұтады. Бюджет тұрғысынан да, экологиялық тұрғыдан да ұтады. Меніңше үлкен пайда келетін сияқты. Шынын айту керек, Алматы маңындағы Шымбұлақта да, Табағанда да адамдардың көптеп баруы тұрғысынан шектеулер бар. Өзім Аустрияның, Францияның курорттарында болғанмын. Сонда байқағаным, бір ғана курорттық аймақтағы шаңғы жолдарының саны 70 шақырымға дейін барады екен. Енді «Көкжайлауда» 25 шақырым болады деп жатыр. Оның көп-аздығын уақыт көрсете жатар», – деді саясаттанушы Айдос САРЫМ.
ТМД елдерінің ішіндегі ең үздік тау-шаңғы курорттарының қатары биылдыққа мынадай болыпты: ТурСтат аналитикалық агенттігінің зерттеуі бойынша, алғашқы үштікке Грузия, Әзербайжан, Беларусь мемлекеттері кірген. Одан кейін Армения, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстан жайғасыпты. Ал Ресей туристерінің көбі шаңғы тебу үшін Шымбұлаққа келген. Айта кетейік, дамыған елдерде халықтың 90 пайызы шаңғы тепсе, Алматыда бұл көрсеткіш 1-ақ пайызды ғана құрайды.