Маңғыстаулық шенеунікке 115 мың еуро параны словакиялық хоккейші берген
2018 ж. 09 қараша
2717
0
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарына қомақты ақшаны словакиялық хоккей қақпашысы берген.
Жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро орталық аппаратының қызметкерлері осы аптада жоғары лауазымдағы кезекті шенеунікті ұстады. Шенеуніктің өте үлкен көлемде пара алғаны анықталды. Әлгі шенеунік кім десеңіздер – Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Серік Аманғалиев. Жемқорлыққа қарсы күрескерлер қалтасында 115 мың еуросы бар әкім орынбасарын Ақтаудағы аэропорттан ұстады. Сот оны қамауға алды. Кейін «Время» басылымы анықтағандай, шенеунік ақшаны спортшыдан алған екен. Екі қазақстандық командада ойнаған бұрынғы словакиялық хоккейші Ян Хован біздің шендіге қомақты ақша берген, - деп жазды qamshy.kz.
Ян Хован карьерасын жақсы бастап келе жатқан еді. Алғашында өз Отаны үшін ойнаған спортшы кейін Канадаға ауысты. 18 жасында «Торонто Мейпл Лифс» клубының ойыншысы болды. Ал 2009 жылы павлодарлық «Ертіспен» келісімге келіп, ол жерден көкшетаулық «Арланға» ауысты. Қазақстандағы карьерасын аяқтап, Еуропаға кетеді. 2014 жылы қазақстандық «Ертіске» қайтып оралды. Қазақстанда Хованның тұрақты жанкүйерлері де болған.
Спорттағы карьерасына нүкте қойған Ян Хован бизнеске табан тіреді. H + H TECHNIKA атты чех компаниясының құрылтайшысы атанды. Аталмыш фирма тоңазытқыштар ғана емес, мұз айдындарына қажетті техниканы да шығарды. Бұрынғы хоккейші дәл осы бағытта жұмыс істеді.
Қазақстанға мұз сарайларының құрылысына қажетті ақша құятын инвестор ретінде келді. Биыл оның фирмасы Ақтөбедегі мұз сарайын салуға кіріскен. Сарай қазанның басында ашылды. Жоба 3,8 миллиард теңгеге бағаланды, 70 пайыз шығынын шетелдік инвесторлар өздеріне алды. Себебі нысан әлеуметтік болған. Ашылу салтанатында Ян Хован Қазақстанда тағы екі жобаның барын айтқан. Соның бірі Ақтаудағы мұз айдынының құрылысы еді. Соған қарағанда, құрылысқа ақша бөлу керек инвестор жергілікті шенеуніктердің де қалтасын ұмытпаған. Яғни Ян Хован мен Маңғыстау облысы әкімі орынбасарының аэропорттағы кездесуі кездейсоқ емес. Словакия инвесторы шенеунікке 115 мың еуро беріп тұрған жерінен ұсталды. Нәтижесінде Ян Хован пара беруші, ал Серік Аманғалиев пара алушы ретінде сот алдында жауап бермек.