Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған қытай азаматы ұсталды
2018 ж. 30 қазан
3230
1
Өткен түні сағат 23:05-те түскен дабыл белгісінен кейін Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің Жаркент шекара отряды мен үш бірдей застава түн ауғанша тынымсыз жұмыс жасады. Шекара шебін «шақырылмаған қонақ» бұзып кірді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жаркент шекара отряды мен соған қарасты «Қорғас», онымен көршілес «Басқұншы», «Ынталы» заставалары түгел түн жарымында аяғынан тік тұрды.
Маңдайшамда жыпылықтаған аумаққа қарай шұғыл аттанған жауынгерлер тікенек сымды қоршауды бұзып өткен бір адамның ізін анықтап, соңына ізшіл итті салды. Бұл уақытта отрядтың жеке құрамы мен көршілес заставалар түгел дабыл белгісімен көтеріліп, жолға шыққан болатын.
ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінің айтуынша, сағат түнгі 01:42-де оң қапталдағы «Басқұншы» шекара заставасы бастығының орынбасары бастаған төрт шекарашы сарбаз «Ром» атты қызметтік иттің көмегімен ішке қарай 5200 метрге кіріп үлгерген «шақырылмаған қонақты» ұстады. Ұсталған адам қытай тілінде ғана сөйлейді. Жолқапшығынан 1990 жылы туған ҚХР азаматының төлқұжаты, 3 дана газды оттық, азық-түлік қоры табылып отыр.