Астанада полиция жол апатын жасаған көлікті тоқтату үшін оқ атқан
2018 ж. 29 қазан
2520
1
Елордалық полиция қызметкерлері жол апатын жасаған көлікті дөңгелегін атып тоқтатты. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Жұбанов көшесі бойында жол апатын жасап, оқиға орнынан бой тасалаған бұзақыны елордалық полиция қызметкерлері ұстады. Ол қашып құтыламын деп жолда тағы бір көлікті қаққан.
«Ізіне түскен полицияның «тоқта» деген заңды талаптарын елемей, қозғалысын жалғастыра берген. Сондықтан полиция қызметкерлеріне оның көлігінің дөңгелегін екі рет оқ атып тесуіне тура келді. Бірақ, ол тесілген дөңгелекпен де қозғалысын жалғастыра берді. Бұған қоса, көше қиылысында оны тоқтатпақ болған полиция қызметкерін де сүйретіп кетті. Шамалы уақытқа созылған қуғыннан кейін полиция қызметкерлері Құдайбердіұлы көшесінде бұзақының көлігіне тосқауыл қойып тоқтатты. Ол ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ», - деді Алмас Садубаев.