Қазақстан Республикасының Премьер - министрі Бақытжан Сағынтаев "Astana AgroForum 2018" шарасында ет өнімдерін шетелдік стандартқа сəйкестендіру керектігін айтты, - деп хабарлайды baq.kz.
Сағынтаев: Қазақтың соғымдық етін шетелдіктер алмайды
2018 ж. 26 қазан
6690
0
"Біз "қазақпыз, мал бағып өскенбіз, малды бізден артық ешкім білмейді" дейміз. Бірақ, біздің малымызды ешкім алмайды. Неге? Өйткені, біз жейтін ет пен мысалы Қытай жейтін еттің стандарты екі бөлек. Мысалы, қазір қыс келе жатыр, соғымды алайық. Соғымды біз жақсылап тұрып бағамыз, күтеміз, қазы бір елі болса, "жарамайды, үш елі, төрт елі, табан болсын" дейміз. Ал сол етпен біз сыртқа шығамыз ба? Оны ешкім алмайды. Сол себепті алатын елдердің стандартына сай жұмыс жасауымыз керек", - деді Сағынтаев.
Үкімет басшысы Аргентина, Бразилия мен Уругвайдың Қытайға ет экспорттайтынын айтты. Сағынтаев Қытайға қой етінің Австралия мен Жаңа Зеландиядан теңіз арқылы келетінін де жеткізді.
"Мəселен, Австралия да біз сияқты мемлекет. Олардың халқының саны 20 миллионнан сəл асады. Ауыл шаруашылығы бізге ұқсас. Біздің Австралиядан айырмашылығымыз - бізде теңіз жоқ. Бірақ, біздің шекарамыз жақын (Қытаймен - авт.). Бізге теңіз арқылы жеткізіп керек емес, шекарадан ассақ, сұраныс бар. Өмірзақ Естайұлы (Шүкеев-АШМ министрі-авт.) 8-9 айда 9,5 мың тонна ет экспорттауымыз керек дейді. Біз бұған да қуанамыз. Ал біздің қытайлық əріптес "біз 300 млн импорттаймыз" дейді. Былайша айтқанда, 9,5 мың тонна деген бір көшенің жейтін тамағы", - деді Бақытжан Сағынтаев.
Премьер-министр елімізге ұтымды сəтті пайдалану керек дейді. Ол Қытайдың жағалау жағына кетпей ақ, Сиань қаласы орналасқан Шаньси провинциясына дейін қамтамасыз етуге болады деді. Осы провинцияға дейін 400 млн халық тұрады екен. Яғни, Қазақстанға етпен толық қамтамасыз ету үшін батыс Қытайдың өзі жеткілікті.