Астана тұрғыны бір айда жедел жәрдемді 106 рет шақырған
2018 ж. 23 қазан
2646
0
Астанада 86 жастағы кейуана бір айдың ішінде 106 рет жедел жәрдем шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.
«Жедел жәрдемді жиі шақыратын науқастар бар. Өткен жылы 86 жастағы науқас жедел жәрдем бригадасын бір айда 106 рет шақырды. Біз оның мекен-жайын жатқа білеміз. Әр шақыртуына бардық. Себебі, ол кеудесінің жүрек тұсы ауыратынын айтып шағымданды. Оған қоса, созылмалы аурулары да көп. Бармай қалу - қауіпті», - деді Қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының ақпараттық-шұғыл диспетчерлік бөлімінің басшысы Бота Сәдетхан.
Оның айтуынша, кейуана қарттар үйіне орналастырылған соң, шақырту тоқтады. 2017 жылы «Жедел медициналық жәрдем қызметі туралы» жаңа бұйрық бекітілді. Соған сәйкес шұғыл жедел жәрдем шақыртулары төрт санат бойынша сараланатын болады. Жедел жәрдем форматын өзгертуге созылмалы аурулар бойынша шақыртулардың көбеюі себеп болды.
«Қазір біз төрт санат бойынша жұмыс істейміз. Жедел жәрдемді жиі шақыратын науқастарды емханаларға тапсырдық. Ондай науқастарға емханалардағы жедел жәрдем бригадалары немесе учаскелік дәрігер барады. Осылайша, жедел жәрдем бригадаларының жүктемесі азайып, сәйкесінше науқастарға жету уақыты қысқарды», - деді Бота Сәдетхан.
Айта кетейік, бүгінде «103» телефон номеріне 2,5 мыңға жуық қоңырау түседі. Жедел жәрдем бригадалары олардың 1,5 мыңға жуығына барады.