Қазақстанның солтүстігінде ондаған ауыл жойылуы мүмкін
2018 ж. 22 қазан
2314
0
Солтүстік өңірде 40-қа жуық ауыл жойылуы мүмкін. Себебі қаражат бюджеттен болашағы бар елді мекендерге ғана бөлінеді, - деп хабарлайды Петропавловск.news тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова солтүстік өңірге жұмыс сапарымен барды. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен танысты. Қызылжар ауданының Бескөл аудандық орталығына барған министр дамудың оң динамикасын және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасының айтарлықтай жақсарғанын атап өтті. "Ауданда жұмыспен қамту және қоныс аудару бағдарламалары жақсы дамыған. Орманды өңдеу мен қалдықсыз өндірумен айналысатын жеке кәсіпкерге бардық. Онда оңтүстік өңірлерден көшіп келгендер мен оралмандар көп жұмыс істейді. Бескөл гимназиясы роботтехника сыныбымен жабдықталған және мектептер білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен", - деді Мәдина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, биыл аймақтық даму бағдарламасы жаңартылды. Әлеуметтік нысандар, жол жөндеу жұмыстары, су құбырларымен жабдықтау және басқа да қажеттіліктерге қаржыландыру тек болашағы бар ауылдарға бөлінеді.
"Солтүстік Қазақстан облысы үлкен, әрқайсында 50-ден аса тұрғыны бар 100-ден астам елді мекен бар. Бүгінде облыста 10-ға жуық тұрғыны бар 38 ауылды жою жұмыстары жүріп жатыр. Мемлекет басшысы ресурстардың ұтымды пайдаланылуын және қаражаттың келешегі мол ауылдарға, облыс орталықтарына жұмсау туралы айтқан. Онда тұрғындар көбейген сайын, жұмыс орындарының саны артады, сондай-ақ бұл шағын және орта бизнестің дамуына әкеледі", - деп түсіндірді Мәдина Әбілқасымова.
Дереккөз: tengrinews.kz