Елімізде сотқа дейін татуластыру ісіне имамдар тартылмақ
2018 ж. 04 қазан
1990
0
Елімізде билер институтын жаңғырту бағытында Жоғарғы Сот пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды қолға алмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Астанада ҚР Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлейменмен кездесті. Кездесуде Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі Бас мүфтиге елімізде билер институтын жаңғырту бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Атап айтқанда, азаматтарды сотқа дейін татуластыру, бітімге шақыру, араағайындық дәстүрді қайта жаңғырту бойынша бірлесе қызмет ету мәселесі сөз болды. Сағатбек Сүлеймен бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыруда мүфтият қызметкерлері мен имам-молдалардың ықпалын айрықша атап өтті.
Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз: «Халықты бірлік пен ізгілікке, татулық пен мейірбандыққа үндеу - мүфтияттың негізгі қызметтерінің бірі. Біз бұл бағытта бірлесе жұмыс жасауға әзірміз. Халықты ымыра мен бітімге, өзара келісімге шақыру - түрлі мекемеде түрлі миссияны атқарып отырған жетекші тұлғалардың асыл міндеті. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», - деген нақыл бар. Біз біріксек, ізгі іс-шаралар мен игі жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыратын боламыз», - деді.
Басқосуда тараптар ҚР Жоғарғы Соты мен ҚМДБ арасында арнайы меморандум қабылдауға уағдаласты. Сонымен қатар, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, конференциялар мен дөңгелек үстел, арнайы басқосулар өткізуге келісті. Еске сала кетейік, Қазақстанда татуластыру және дауды сотқа дейін реттеу шарасын қолдану аясын кеңейту мақсатында 2015 жылы Елбасының бастамасымен Азаматтық процестік кодексі қабылданған болатын.