Семей жұрты лас судан шетінен ауру жұқтырып жатыр
2018 ж. 02 қазан
2187
0
Семейде 4 жыл бұрын ғана ел игілігіне берілген баспана тұрғындары ауыз суды сатып алып ішуге мәжбүр. Өйткені орталық жүйеден келетін су жарамсыз. Тіпті жұрттың айтуынша, оған бір жыл бұрын тексеріс жүргізген мамандар да мұны растаған екен. Әйтсе де, олар жергілікті билік бұған қатысты ешқандай шешім қабылдамады деп өкпелі.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.Тоғыз қабатты баспана 2014 жылы ел игілігіне берілген еді. Мұндағы 144 пәтерге қоныстанған жұрттың басынан әлі күнге дейін сор арылмай келеді. Сапасы сын көтермейді деген құрлысы өз алдына, енді күнделікті тұтынатын ауыз су да жарамсыз болып қалғаны жығылғанға жұдырық. Тіпті, оған тексеріс жүргізген тиісті орындар да осындай шешім шығарыпты. Алайда жергілікті атқамінерлерден ешқандай қайыр болмады деп налиды жұрт. Енді мұндағы тұрғындар ауыз суды сатып алып ішуге мәжбүр. Себебі, краннан аққан суда лай-қоқыстан бастап темір қалдықтарына дейін бар. Бұл аздай, жағымсыз исі қолқаны қабады. Сондықтан ол кір-қоңдарын ғана жууға жарамды.
Алғашында орталық құбырдан келіп тұрған тіршілік нәрін жұрт үш жыл бойы қолданып келген. Оның жарамсыз екенін өткен жылы мамандар тексеріс жүргізгенде бір-ақ білдік деп отыр. Енді, соның кесірінен денсаулықтарының сыр беріп жатқанын айтады.
Төлеуқайша Бейсекенова, Семей қаласының тұрғыны:
- Енді, міне аурумыз. Су жаман. Шақырттық. Жылда келеді. "Су Арнасына" барыңдар дейді. Одан қалса, КСК-ға баруды бұйырады. Ал, ондағылар біздің шаруамыз жоқ деп қашады.
Жұрттың пайымынша, судың сапасыздығы баспанаға тартылған құбырдан болуы мүмкін. Өйткені төңірегіндегі көпқабатты үйлердің тұрғындарына таза тіршілік нәрі келіп тұр. Ал жергілікті биліктегілер жұрт ақаудың құбырдан болғанын, сөз емес, іс жүзінде дәледеуі керек дейді.
Құралай Дүйсенбаева, Семей қаласының ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі:
- Үй иелері өз есебінен судың құрамына, құбырдың техникалық жағдайына тәуелсіз сараптама жүргізу керек. Сонымен бірге, судың құрамына лабораториялық зерттеу жүргізіп сот тәртібінде шешуге болады.
Бүгінде үйді салған мердігер компанияның кепілдік мерзімі біткен. Сондықтан тұрғындар тәуелсіз сарапшыларға жұмсалатын қаражатты өз қалталарынан төлеуі қажет. Әкімдік сол тексерістің қорытындысы арқылы шешім қабылдамақ.