Мұхамедиұлы кесенеде намаз оқитындар туристерді шошытатынын айтты
2018 ж. 25 қыркүйек
3458
0
Бүгін мәжіліс депутаттары мәдениет және спорт министрінен оңтүстіктегі кесенелердің неге ақылы екенін сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісмен Фахриддин Қаратаев осыдан бес-алты жыл бұрын тегін болған кесенелерге қазір халық неге ақша төлеп кіретінін сұрады.
"Өңірлерге сапармен барғанымызда, Түркістан облысы Отырар ауданында Арыстан баб кесенесіне кіруді адам басына ақылы етіп қойғанның куәсі болдық. Мәселен, бағаларға тоқталып өтсем: автотұрақ – 300 теңге, Отырар ауданының тұрғындарына – 200 теңге, зейнеткерлер мен студенттерге – 100 теңге, оқушылар мен мектеп жасына дейінгі балаларға – 80 теңге, шетел азаматтарына – 300 теңге және тағы басқаларға да төлейсіз. Былайша айтқанда, жүріп-тұрудың бәрі ақша. Сонда қалтасында ақшасы бар азаматтар ғана әулиеге дұға бағыштай ала ма? Осы кесенені басшылары жеке кәсіпке айналдырып алған сияқты. Осыдан бес-алты жыл бұрын кесенеге кіру ақысыз болатын. Қазір неліктен ақылы? Бұл аталған кесенелер мәдени-тарихи мұражай орын емес пе?", — дейді депутат мәжілісте "Қазақстанның туристік саласын дамыту туралы" өткен үкімет сағатында.
Оның айтуынша, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде де дәл осындай жағдай.
"Егер мемлекет тарапынан ешқандай қаражат бөлінбесе, түсінер едік. Бірақ бүгінгі таңда бұл кесенелерге садақадан басқа субсидия да бөлініп отыр ғой. Сонда кесенеден түскен ақша қандай бюджетке түседі және қайда жұмсалады? "Рухани жаңғыру" аясында неліктен кесенеге кіруді ақысыз етіп жасамайсыздар?", — деп сұрады Қаратаев.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы кесенелерге кіруді ақылы етудің екі себебін атады.
"Біз неге ақылы қылдық? Біріншіден, кесенелерге қанша адам келетінін анықтау үшін мониторинг жүргізу қажет. Екіншіден, осыған дейін Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауи кесенелерін тегін болған соң, адамдар мешітке айналдырып жіберді. Тегін кіреді де, бес уақыт намазын оқиды, азын-аулақ тамағын ішеді. Ештеңе істей алмайсың. Кіріп-шығып жүре береді. Мұны тоқтату үшін біз халықаралық тәжірибеге сүйендік. Әлем елдерінде үлкен орталықтардың барлығы ақылы", —деп түсіндірді министр.
Мұхамедиұлы 100-200 теңге символдық баға екенін, егер халыққа қымбат болса, түсіруге дайын екенін жеткізді.
"Арыстан баб кесенесіне келгендердің бәрі түнегісі келеді. Бес жыл бұрын онда мүлде орын болмайтын. Шетелден келген туристер кіруге қорқатын еді. Өйткені ішіне кірсе, бәрі намаз оқып жатады, айғайлап оқитындары тағы бар. Сол себептен біз халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, ақылы қылдық. Қымбат десеңіздер, қарастыруға дайынбыз, әрине", — деп сендірді ведомство басшысы.