Өскеменде күндіз 20 жастағы бойжеткенді зорлап кетті
2018 ж. 24 қыркүйек
3766
0
ҚР Ұлттық ұлан жауынгерлері Өскеменде 20 жастағы қызды зорлаған күдіктіні іздеп тауып, құрықтады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Оқиға өткен аптада болған екен. 20 жастағы қыз Абай даңғылы, 21 мекен-жайы бойынша орналасқан гараждардың маңында сағат 15:30 шамасында бейтаныс жігіт өзіне зорлық көрсеткені туралы полицияға хабар берген.
Ұлттық ұланның әскери жасағы күдіктіге бағыттама алған бетте іздеу шараларын бастайды. Патрульдік топтың басшысы лейтенант Ермек Уәлиев пен қатардағы жауынгер Исламбек Төлесінов бағыттамада көрсетілген орынға жақын жерден 23 жастағы жас жігітті құрықтады. Күдікті мас күйде болған. Зардап шеккен қыз оны бірден таныпты.
-Ш. есімді азамат кінәсін мойындады. Сарбаздар жедел жәрдем шақыртып, зардап шеккен бойжеткен бірінші қалалық ауруханасына жатқызылды. 5518 әскери бөлімінің жасағы күдіктіні Үлбі полиция бөліміне жеткізді, – дейді”Шығыс”өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді.
Лейтенант Ермек Уәлиев пен қатардағы жауынгер Исламбек Төлесінов марапатқа ұсынылып отыр.