Сенатор зейнетақы қорындағы ақшаны жастарға алғашқы жарна ретінде таратуды талап етті
2018 ж. 18 қыркүйек
3316
1
Сенаторлар зейнетақы қорындағыларға жас отбасылардың жиған қаржыларын қайтарып беруді ұсынды. Отбасылар ол соманы баспана алу үшін бастапқы жарна ретінде пайдалансын дейді депутаттар.
Нариман Төреғалиев, Сенат депутаты:
- Сол зейнетақы қорындағы қаражатты мысалға, жас отбасыларға «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық үй алуға мүмкіндік берсе. Солардың ең болмағанда бастапқы жарнаға жететін ақшасы жоқ. Соларға неге осы қордан сондай жас отабсыларға көмектеспеске? Бір де бір үйі жоқ отбасыларды айтып отырмын.
Бұл ұсынысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшысы қолдай қоймады. Нұрбүбі Наурызбаеваның айтуынша, ондағы қаржыны салымшылардың емделуіне, оқу ақысына және ипотекаға пайдалану жайы қаралмаған. Бұл заңда да жазылмапты. Оның үстіне адамдардың жеке шотындағы қаржы алдын ала таратып беруге жеткіліксіз. Зейнеткерлік жасқа жетсе де шотында небары 2-3 миллион теңге жиналған азаматтар көп екен. Ол үшін жұмысшылар ай сайынғы салымды да 10 пайыздан көтеру керек дейді қор басшысы. Бүгінде жалпы Бірыңғай зейнетақы қорында 8 триллион теңге жиналыпты. Сондай-ақ, Наурызбаева қордағы қаржыны индексация жасауға қатысты да жауап берді. Бұған дейін мәжілісмендер жұрттың қартайғанда қажет болады деп, жинап жүрген ақшасы күн санап құнсызданып бара жатқанын айтып, индексация жасауды талап еткен еді.
Нұрбүбі Наурызбаева, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрайымы:
- Егер теңге қайта нығайса не істейміз? Онда үстемені кері қайтарып алайық дейміз бе? Меніңше, валюта бағамының құбылуын қордағы қаржымен байланыстыру дұрыс емес. Индексацияны зейнетақы қоры жасамайды. Оны Ұлттық банк реттейді.