Мұхтар Жәкішевтің анасы қайтыс болды
2018 ж. 18 қыркүйек
2266
0
Алматыда ауыр сырқаттан Мұхтар Жәкішевтің анасы – Раиса Нұрғалиқызы қайтыс болды. Бұл туралы Азаттыққа адвокат Нұрлан Бейсекеев хабарлады.
- Қыркүйектің 18-і күні таңертең қайтыс болды. Мен Мұхтар Еркінұлы отырған түзету мекемесіне хабарласып, кезекшіге қайғылы хабарды жеткізуін сұрадым. Өзімен әлі сөйлеспедім, - деді адвокат Бейсекеев.
Адвокат колония басшылығына Мұхтар Жәкішевтің анасын жерлеуге қатысуына рұқсат сұрап, қайта қайырылатынын айтты.
Қыркүйектің 17-і күні адвокаттың Жәкішевке ауыр науқастанып жатқан анасына баруына рұқсат беруді сұраған өтініші қанағаттандырылмады.
Бұл ақпаратты Азаттыққа аты-жөнін атағысы келмеген Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (КУИС) өкілі хабарлаған. Оның сөзінше Жәкішевтің сыртқа шығуына Қылмыстық-атқару кодексінің "Мекеменің шегінен тыс жерге шығу" туралы 113-бабының 5-тармағына сәйкес рұқсат берілмеген. Бұл тармақта "террористік, экстремистік қылмыстар үшін не қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар үшін, сондай-ақ жас балаларға жыныстық тису қылмыстармен сотталғандарға сыртқа шығуға рұқсат етілмейді" деп жазылған.
Бұл ақпаратты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің кезекшісі капитан Алмас Оразиманов та растаған. Ол "рұқсат бермеу туралы хат сотталушы мен оның адвокатына жазбаша түрде жолданды" деді.
80 жастағы Раиса Жәкішева президент Нұрсұлтан Назарбаевқа екі рет хат жазып, ұлының ауыр науқасқа шалдыққанын айтып, ұлына рақымшылық жасауды, тірі кезінде босатуды сұрап қайырылған. Раиса Жәкішева хатында күйеуі Еркін Жәкішевтің ұзақ уақыт гипертониямен ауырып, 2001 жылы инсульттен көз жұмғанын, қазір ұлы Мұхтар Жәкішев те осы аурумен ауыратынын жазған.
Бірақ үндеуі осы уақытқа дейін қаралмаған.
55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Қазір жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.