Ақмола облысында мемлекеттік бағдарламамен берілген үйлердің жағдайы адам шошытады (ВИДЕО)
2018 ж. 14 қыркүйек
4291
0
Ал, осы Ақмола облысына қарасты Ерейментау ауданындағы мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанаға қол жеткізген жұрт наразылық білдірді. Себебі, жылдар бойы зарығып жеткен үйлерінде жылу, су және жарық мәселесі реттелмеген. Бес қабатты үйді тұрғызған мердігер құрылыс жұмыстарын шала атқарып, кетіп қалыпты. Бұған қарамастан әкімдік халыққа сапасыз салынған пәтерлерге «кіре беріңдер» депті. Бұл туралы ">Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Күздің қара суығы кіріп, балалар ауырып жатыр. Арасында бірде-бір растовор жоқ. Міне мынаның арасының бәрінен жел соғады. Қабырғамен терезенің арасына өзіміз ағаш қақтық» - дейді тұрғын. Айжан Жүсіпова осы пәтері үшін бірнеше жыл кезекте тұрып, ақша жинапты. Толық салынып бітті деген баспанасының сиқы мынау. Қисық орнатылған есік-терезесінен былай қойғанда, едендегі төсенішке дейін алмастыру керек.
«Мынау деген Сарыадырдың құрылысқа жарамсыз кірпіштері. Мұны шығаруды тоқтатып тастаған еді. Енді содан үй салып беріп отыр бізге. Ертең бұл қалай болады, бір Алла біледі!» - дейді тұрғын Айжан Жүсіп.
Құрылысты бақылаған тұрғындардың айтуынша, мына үйдің іргетасы кеуіп болмай мердігер компания жұмысты бастап кеткен. Балкондарға қарасаңыз, ол қалай болса солай салынған. Жаңбыр жауса, оған су кіріп кете беретін көрінеді. Ал үйдің айналасында тұрмыстық қалдық, қоқыстар толып жатыр.
«Завтра зимой это пятиэтажка рухнет. Фундамент месяц не простоял. Они обманули людей просто» - дейді тұрғын Борис Леонтьев. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйдың құрылысы алты жыл бұрын басталыпты. Мердігерлері ауысып, сағызша созылған жұмыстар біткенде жергілікті шенеуніктер үйді қабылдап алып, пәтер кезегін күткендерге кілттерін үлестірген. Алайда, баспананы көрген бетте жұрттың қуанышы су сепкендей басылыпты. Себебі есік, терезесі алқам-салқам, барлығына ең арзан материалдар қолданылған.
«Үйге кіргенде бөлмелерді қарап шықтым. Өзім құрылыспен айналысқан соң жағдайдың бәрін білемін. Былай қарағанда бүкіл материал ең арзан материалдан істелінген. Есік-терезелердің барлығы ең арзан» - дейді тұрғын Аманғали Мұстафин.
Бұл видеоны қатты жауын болғанда осында тұратын тұрғындардың бірі түсіріп алған. Онда үйдің ішіне дейін су кіріп, терезе жақтауынан бөлініп, құлайын деп тұрғаны көрінеді. Одан бөлек түйткілдер де жетіп жатыр. Судың қысымы жоғары қабатқа дейін жетпейді. Тұрғындардың ешбірінде үйдің құжаттары жоқ. Ал сапасыз үйді қабылдап алып, елді зар жылатқан әкімдік мұның бәріне мердігер компанияны кінәлайды.
«Біз құрылысты сеніп тапсырған мердігер компания бізді осындай ұятқа қалдырды. Жұрт есік терезелердің дұрыс орнатылмағанын, сапасыз құрылыс монтаж жұмыстарына шағым айтып жатыр. Кемшіліктердің барлығын білеміз, көзімізбен көріп те келдік. Қазір біз мердігер компанияны сотқа беруге барлық құжаттарды жинап қойдық» - дейді Ерейментау ауданы әкімінің орынбасары Алик Манадыров.
Әкімдік пен құрылыс компаниясы арасындағы текетірес немен бітетіні белгісіз. Бірақ әкім орынбасары бізге үйдің құжаттарын үш күннің ішінде тұрғындарға беретінін айтып, сөз берді.
«Үш күннің ішінде алады құжаттарын», - дейді Ерейментау ауданы әкімінің орынбасары Алик Манадыров. Бес қабатты үй пайдалануға берілгенмен, оның жартысы әлі бос тұр. Себебі жұрт ыстық суы мен жылу жоқ пәтерлерге қоныстанудан қорқып, жалдамалы үйлерінде тұрып жатыр екен. Ал мұнда көшіп келіп, сан соғып қалған тұрғындар жоғарғы сот пен прокуратураға арызданыпты.