Түркістан облысының Шардара ауданына қарасты Достық ауылдық округінде болған атыстан 22 жасар жігіт қаза тапты. Қауын егістігінің басында болған атыстың қалай өрбігені туралы Baq.kz аймақтағы тілшісі хабарлайды.
Диқандар арасындағы атыстың қалай өрбігені анықталды
2018 ж. 08 қыркүйек
5816
0
Шардара аудандық ішкі істер бөлімінің мәліметінше, атыс 2018 жылдың 7 қыркүйек күні егіс басындағы ауыл азаматтарының жанжалдасуына басталған. Нәтижесінде Достық ауылының тұрғыны, 1996 жылы туған Б. есімді азамат қайтыс болған.
«Алдын ала тексеру барысында анықталғанындай, 7 шілде күні түс мезгілінде Достық ауылының тұрғыны, 1991 жылы туған С. есімді азамат егістік алқапта қауын өткізіп жатып, Шымкент қаласының тұрғыны, 1987 жылы туған Т. есімді азаматпен жанжалдасып, төбелесіп қалған. Төбелес барысында Т.-нің інісі келіп, С.-нің басына таспен ұрып, дене жарақатын салады. Осы кезде оқиға орнына С.-нің туысқан ағасы келіп Т.-ні ұрады. Мұнан кейін Т. оқиға орнынан кетіп қалып, шамамен бір сағат өткенде қасына өзінің достарын ертіп келіп, жүк көлігіне қауын артып жатқан С. мен басқа да жұмысшыларға бағыттап, қарумен оқ атады. Соның нәтижесінде, Достық ауылының тұрғыны Б. оқиға орнында қайтыс болады. Оң қолының білегіне оқ тиіп, дене жарақатын алған С. ауруханаға түскен» делінген хабарламада.
Аталған жәйт бойынша Шардара аудандық ішкі істер бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне 07.09.2018 жылы ҚР ҚК-нің 99 бабы, 2-бөлігінің 1,9 тармақтарымен қылмыстық іс қозғалды.
Жедел іздестіру барысында қылмысқа күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғыны Т. мен Достық ауылының тұрғыны Е. ұсталып, айғақ зат ретінде «Сайга» қаруы алынды.
Қазіргі таңда күдіктілер ҚР ҚПК-нің 128-бабының талаптарына сәйкес аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда Достық ауылындағы жағдай тұрақты. Тұрғындар арасында осы оқиғаға байланысты ешқандай дау-жанжал болып жатқан жоқ. Аудан әкімдігі тарапынан жағдай толықтай бақылауға алынып отыр.
Еске салсақ, мұның алдын Түркістан облыстық ішкі істер департаментіне сілтеме жасай отырып, Түркістан облысының Шардара ауданында полицейлер адам өлтірді деген екі күдіктіні ұстағанын хабарлаған болатынбыз.
«2018 жылғы 7 қыркүйекте Шардара АІІБ кезекші бөліміне аудандағы елді мекендердің бірінің маңында болған төбелес туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына шұғыл жеткен полицейлер клиентке таласып қалған диқандар төбелескенін анықтады. Төбелес кезінде қару қолданылған. Соның салдарынан зардап шеккендердің бірі оқиға орнында қаза тапқан, ал екеуі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Осы дерек ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» бабымен Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді», - делінген хабарламада.
Жедел әрекеттер нәтижесінде полицейлер екі күдіктіні ұстады. Олар - Түркістан облысының тұрғындары. Күдіктілердің бірінен аңшы мылтығы тәркіленді.
Осы дерек бойынша, Түркістан облыстық ішкі істер департаментінің тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Оқиғаның егжей-тегжейі анықталуда.