Марқакөлде 5 жылда 5 мектеп жабылды
2018 ж. 04 қыркүйек
3164
1
Соңғы бес жыл көлемінде бүгінде Күршім ауданына қарайтын Марқакөл өңірінің Бұғымүйіз, Балықтыбұлақ, Алтай, Теріскей Бөкенбай, Күнгей Бөкенбай ауылдарындағы 5 мектеп жабылыпты. Ал биыл жалпы Күршім ауданында 13 мектепке қысқару қаупі төніп, соның үшеуі әзер дегенде өз мәртебелерін сақтап қалыпты. «Жаз бойы жұмыс істедік. Ата-аналармен, ауыл тұрғындарымен кездестік. Түсіндірдік. Қайнарлы, Ақши, Қыстаукүршім ауылдарындағы үш мектеп бала санын толтырды. Қалаға кеткен, басқа мектептерге берген балаларын қайта әкелді. Ал қалған 10 мектеп биыл мәртебесін өзгертуі мүмкін. Егер тез арада бала санын толтырмаса, 7 мектеп орта мектептен негізгіге, үш мектеп негізгі орта мектептен бастауыш мектепке көшуге жақын тұр», дейді Күршім аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Елеубаев.
Жоғарыда аталған 11 жылдықтан 9 жылдыққа ауысуы мүмкін 7 білім ордасының 5-уі Күршім ауданына (Ақсуат, Үшбұлақ, Қайыңды, Қойтас, Мөнекей) қарасты болса, қалған екеуі Марқакөл (Ақбұлақ пен Қарой) өңірінен. Ал негізгі орта мектептен бастауыш мектепке көшкелі тұрған үш мектептің екеуі Марқакөл өңірінен (Шанағаты мен Жиделі), үшіншісі Күршім ауданынан (Топтерек). Сонда қараңыздар, биыл қысқаратын 10 мектептің 4-уі – Марқакөлде. Бұған жоғарыдағы жабылған 5 мектепті қосыңыз.
Өкініштісі сол, шалғайдағы, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі, шекара шебіндегі Марқакөл өңірінің тұрғындары жыл сайын ел қатарлы 1 қыркүйек жақындағанда естері шығып, бауыр еті балаларын мектепке дайындаумен ғана шұғылданбайды, керісінше бастарын тасқа да, тауға да соғып, мектепке бала іздеумен, бала толтырумен әлекке түседі. Жылдағы уайым осы.
Марқакөл өңірінің Қарой және Шанағаты ауылдарының тұрғындары ауыл халқын жұмыспен қамтып, елді мекеннің жойылып кетпей сақталуына бірден-бір себепші болып отырған мектептерінің жабылудың аз-ақ алдында тұрғанына қатты алаңдаулы. Жайнаған жазы келте, қытымыр қысы алты айға созылатын шалғайдағы ауыл тұрғындарының жанына аяздай батып отырғаны – аудан орталығы Күршімнің білім бөлімінен келген арнайы комиссияның жеткізген жайсыз хабары. «Тезірек бала санын толтырмасаңыздар, Қаройдағы 11 жылдық мектепті 9, ал Шанағатыдағы 9 жылдық мектепті бастауыш мектепке айналдырамыз. Үкіметтің №1256 қаулысы бар. Үкіметтің қаулысына қарсы шыға алмаймыз» депті комиссия мүшелері.
Мектептер мәртебесін қайта қараса...
Ауыл халқын үрейлендірген қаулыға көз жүгірттік. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсанындағы «Білім беру ұйымдары желісінің кепілдендірген мемлекеттік нормативі туралы» №1256 қаулысының 2-тармағының 2 және 3-тармақшаларында: «төменгі және орта мектеп жасындағы оқушылардың саны 41 және одан көп болғанда, жалпы білім беретін мемлекеттік оқу орнының бастауыш және негізгі сатыларының, ал төменгі, орта және жоғары мектеп жасындағы оқушылардың саны 81 және одан көп болғанда, жалпы білім беретін мемлекеттік орта оқу орнының жұмыс істеуіне кепілдік беріледі» деп жазылыпты қаулыда. Демек, негізгі орта мектеп (9 жылдық) болу үшін кем дегенде 41, жалпы білім беретін орта мектеп (11 жылдық) болу үшін 81 оқушы болу қажет екен. Мемлекет бекіткен жалпыға ортақ норматив осылай. Ал оқушылар саны бұл көрсеткішке жетпесе ше? Бұл сұрақ әлі басы ашық күйінде тұрған секілді. Үкіметтің бұл қаулысы туралы неге тәптіштеп айтып отырмыз? Себебі, Қытаймен шекарадағы халқының саны жылдан жылға азайып бара жатқан Марқакөл өңірі тұрғындарының (бұл мәселе Марқакөл ғана емес, еліміздің барлық шекаралық аймақтарына тікелей қатысты деуге болады) ендігі тағдыры осы бір жалғыз құжатқа тіреліп тұр. Егер жақын арада қаулыға тиісті өзгерістер енгізілмесе, шекарадағы мектептер бірінен соң бірі жабылып, шұрайлы өлке, шырайлы өңір иесіз, елсіз қалатыны анық. «Біздің Қаройдағы мектепте қазір 50-ге жетер-жетпес оқушы бар. Қанша жерден ышқынсақ та жуық арада оқушы санын 80-ге жеткізе алмайтынымыз белгілі.
Аудандағылар бірдеңе айтсақ, «Үкімет қаулысы, біз ештеңе істей алмаймыз» деп алақандарын жаяды. Құдай-ау, Үкіметте де ел жағдайын түсінетін, біз секілді ет пен сүйектен жаралған адамдар отырған жоқ па? Марқакөлді Өскемен мен Семей немесе қалаға жақын Жарма, Ұлан аудандарымен салыстыруға бола ма? Тәңір берген ғажап табиғаты болғанымен қысы ұзақ әрі қиын, жері шалғай, жолы нашар, өмір сүруге қолайсыздау өңір екенін жұрттың бәрі біледі. Сондықтан Үкімет қаулыға өзгеріс енгізіп, Марқакөл секілді шекаралық аймақтардың мектептеріне арнайы мәртебе беріп, 11 жылдық мектептердегі оқушылар саны кем дегенде 81 емес, 60, ал 9 жылдық мектептердегі оқушылар саны 41 емес, 25-30 оқушы болса да болады деп рұқсат берсе жөн болар еді. Әйтпесе бірер жылда шекараның бойы жалаңаштанып, бос қала ма деп уайымдаймыз», дейді Қарой ауылының тұрғыны, 73 жастағы Жұбанқан Қырықбаев ақсақал.
Бұрынғы аудан орталығы – Марқакөл мен Күршім ауылының ортасында орын тепкен Қарой ауылында кезінде 400-ден астам үй болыпты. Қазір мұндағы түтін саны – 40-45 мөлшерінде. Ауылдағы жар дегендегі жалғыз мектеп бұған дейін 11 жылдық болса, биылдан бастап оқушы санының аздығына байланысты білім ордасы 9 жылдыққа ауысады делініп отыр. Ал Қарой мектебі директорының міндетін атқарушы Айдын Ілиясовтың айтуынша, қазір ауылдағы мектепте сырттан келуді жоспарлап отырған онға жуық оқушыны қоспағанда 43 оқушы бар. Білім ордасында бүгінде 17 мұғалім жұмыс істейді. Шағын орталық пен техникалық қызметкерлерді қосқанда мектеп ұзын саны 39 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Шағын орталықтағы баланың саны 20-ның үстіне шықты. Ертең олар да мектепке бармай ма? Биыл ауылымызға төрт баласы бар екі отбасы көшіп келді. Мектептің 11 жылдық мәртебесі сақталса, бала асырап аламыз деп отырған отбасылар да бар. Қазірдің өзінде 12-13 өтініш тұр», дейді ол.
Алтайдың арғы жағы, бергі жағы...
Марқакөл өз алдына аудан боп тұрған шақта 6 ірі кеңшар болыпты. Соның бірі – бүгінде Ақбұлақ деп аталатын (бұрынғы аты – Горный) ауыл. Қалғұты мен Қаройдың ортасында орын тепкен, бұрын төрт бірдей бөлімшесі жұмыс істеген бұл ауылда кезінде 800 үй түтін түтеткен екен. Қазір мұнда бар болғаны 40-тан астам шаңырақ қалған. Ақбұлақ пен Қалғұтының арасында Алтай деген (жергілікті жұрт Бақай деп те атайды) ауыл бар. Кеңшар кезінде мұнда 50-60 түтін болыпты.
Бір қызығы, кеңес заманында аяқ астынан осы ауылдағы мектепті қысқарту жөнінде шешім шыққан. Үкіметтің қаулысы шыққаннан кейін ауыл тарап, елдің бәрі жан-жаққа көшіп, қазір мұнда 50 үйден бес үй қалыпты. Соңынан Үкіметтің қаулысы бұл ауылға емес, басқа аудандағы ауылдың біріне шығу керектігі белгілі болыпты. Жергілікті жұрт осылай дейді. Қолдан құртылған Алтай ауылынан отыз-ақ шақырым, ал Қаройдан небәрі 12 шақырым жерде Қайнарлы деген ерекше ауыл бар. Ерекше болатыны, мұнда кеңес заманында 60 үй болса, әлі де сол қалпында сақталып отыр. Ерекше жайт деуге болады.
Мұндағы 9 жылдық мектепке биыл қысқару қаупі төнгенімен, ауыл тұрғындарының береке-бірлігінің арқасында білім ордасының мәртебесі сақталып қалыпты. Марқакөлдіктер егер Қаройдағы 11 жылдық мектеп 9 жылдыққа айналса, оның іргесіндегі Қайнарлы ауылында да оқушылар саны азайып, жұрт көшіп кете ме деп алаңдайды. Марқакөл өңіріндегі қысқару, қысқару емес, жабылу қаупі төніп тұрған мектептің бірі – дәл Қытаймен шекарадағы Шанағаты мектебі. Бұған дейін 9 жылдық болып келген білім ордасы биыл бала санының аздығына байланысты 4 сыныптық мектепке айналуы әбден мүмкін. «Ауылда тіркеуде тұрған 18 бала бар, егер мектепті қалдырса, тағы 9 бала келіп оқимыз деп отыр. Бірақ Үкімет қаулысында көрсетілгендей 41 оқушыға жеткізе алмаймыз. Осыған мемлекет тарапынан көмек болса дейміз. Жеңілдік қарастырса дейміз. Егер мектеп 4 жылдыққа айналса, ауылда адам қалмай, шекара бос қала ма деп қорқамыз. Халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлердің тұрғындарын мемлекеттік бағдарламамен өзге облыстарға көшіріп, жұмыспен қамтып жатыр ғой. Сол бағдарламамен біз секілді халық саны азайып бара жатқан шекаралық аймақтарға тұрғындарды көшіріп әкелсе жақсы болар еді», дейді мектеп директоры Назархан Шәкенов. 4 сыныптық демесеңіз, бастауыш мектептің де шекара аймағындағы қалт-құлт еткен халық үшін маңызы ерекше. Марқакөл өңіріндегі Балықтыбұлақ ауылының тұрғыны, атақты жылқышы Совет Сапарғалиев ақсақал осындағы 9 жылдық мектеп 4 жылдыққа айналып, кейін жабылғанда елді мекендегі 30 отбасының 10-ы бір айдың ішінде көшіп кеткенін айтады. Сондықтан «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, мектебіміз қысқармаса екен деп жанталасып жүрген Шанағаты тұрғындарының жанайқайын түсінуге болатын секілді. Шанағаты ауылының іргесінде 2015 жылға дейін шекара заставасы жұмыс істегені белгілі. Бұл заставаның жабылып, шағын бекетке айналғаны да оқушылар санының азаюына ықпал етті. Шанағаты тұрғындары жабылған заставаның қайта ашылғанын қалайды. Бұған себеп те жоқ емес. Біріншіден, мектепте оқушылар саны көбейеді. Екіншіден, әскердің аты әскер. Әскер жүрсе, елдің іргесі де бүтін, халықтың көңілі де алаң болмасы белгілі. «Шекараның арғы бетінде әйгілі Қанас көлі бар. Өзі шап-шағын көл. Марқакөл көлінен бірнеше есе кіші. Жер рельефі, табиғаты – тура біздің табиғат. Кезіндегі қазақтың жері ғой. Екеуінің арасын 40-50 шақырым бөліп тұр. Тұмса табиғаты, саф ауасы бар Қанасқа жылына 4-5 миллион турист келеді. Шанхай, Бейжіңдегі түтінге тұншығып жүрген қытайлар осында тынығып, тынысын ашып кетеді», дейді белгілі журналист, Марқакөл өңірінің тумасы Сайлау Төлеуов. Мұны айтып отырғанымыз, Марқакөлдің туризм мүмкіндігі ересен. Екінші мәселе, шекара бойындағы халқы жаппай көшіп жатқан тек осы өңір. Таяуда Елбасының пәрменімен шекара бойындағы Нарынқол аудан мәртебесін алды. Бұрынғы Мақаншы ауданында халық тығыз отыр. Одан бергі Ақсуат – аудан орталығы. Қазір күннен күнге көркейіп келеді. Сонда шекарадағы жалғыз осал тұсымыз – Марқакөл өңірі болып тұрған іспетті.
Түйін
Шанағатының дәл іргесіндегі Қанас көлінде қайнаған тіршілік, қалың халық. Ішкеріден құмырсқаша қаптап келіп жатқан турист. Ал бергі бетте елді, жерді қорғайтын заставалар жабылып, мектептер қысқарып, халық көшіп жатыр... Жергілікті көнекөз қариялар кеңес заманында шекараның ең осал тұсы осы Шанағаты болғанын, 1974 жылы Қытайда хас жүректілігімен танымал болған Қизат батыр шекарадан бері қарай әбден зерттеп, зерделеп барып, құс ұшпай тұрған шекараның Шанағаты тұсынан өтіп кеткенін айтады. Қазір Марқакөл өңіріндегі жұрттың жасының да, жасамысының да бір ғана тілегі, бір ғана уайымы бар. Мектептер қысқармаса, ауылдар жабылмаса дейді. Мектеп қысқарса, ауылдар жабылса не болатыны айтпаса да түсінікті...
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»