БҚО-да әкім қызметтік пәтерін жөндеуге 24 млн теңге бөлуді жоспарлаған
2018 ж. 27 тамыз
2930
0
Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының әкімі қызметтік пәтерінің жөндеу жұмыстары неліктен 24 миллион теңгеге бағаланғанын түсіндірді. Оның айтуынша, қызметтік коттедждің жөндеу жұмыстары салық төлеушілерге тендерде жарияланған сомадан әлдеқайда төмен болуы мүмкін.
Аудан әкімі Санжар Алиев бұл туралы «Уральская неделя» басылымының журналистерімен кездесу барысында айтты, деп жазады Stan.kzақпараттық агенттігі.
Санжар Алиев қызметтік пәтерінің жөндеу жұмыстарына кететін шығынның белсенді талқыланып жатқанынан хабардар. Оның айтуынша, үйді 2001 жылы коммуналдық меншік сатып алған. Ал, зәулім коттеджде 2016 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмепті.
«Қазіргі уақытта үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Толығырақ түсінікті болу үшін үйдің қай жеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек екенін суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салуды жоспарлап отырмын. Біріншіден, бұл ашық конкурс. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге кез-келген компания қатыса алады. Мұнда жөндеу жұмыстарымен айналысатын компания қалай бағалайды соған байланысты болмақ. Егер олар өздерінің арзан матералдарын алып келсе, үйге қажетті жөндеу жұмыстарын сонымен жасай алады. Яғни, бұл конкурс бойынша анықталады. Кім біледі жөндеуге кететін қаражат алғашында көрсетілген сомадан екі есе аз болу мүмкін. Екіншіден, бұл үйді жөндеу үшін бюджетте ақша жоқ. Бұл үй бюджетті үнемдеу есебінен жөнделеді», – деп түсіндірді аудан әкімі.
Кейіннен белгілі болғандай, Бөрлі ауданының әкімі қызметтік пәтерін жөндетуден бас тартқан. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.