Алматыда ерлі-зайыпты Храпуновтардың соты өтіп жатыр
2018 ж. 26 шілде
3402
0
Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ерлі-зайыпты Храпуновтарға қатысты алдын ала сот тыңдалымы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сот қаулысына сәйкес, Виктор мен Лейла Храпуновтардан өзге сотталушылар Қуандық Бексұлтанов, Алтай Қасымов, Яков Заяц, Абай Сапаров, Серик Есмұханов, Айяр Ильясов, Айнакүл Садықбаева, Абдул-Ғазиз Мұқашев, Абылайхан Қарымсақов, Ғабиден Қайымсұлтановтың істері қаралуда. Ерлі-зайыпты Храпуновтар ұйымдасқан топпен бірге мемлекет меншігін ұрлау, лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, алаяқтық, пара алу, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастырумен айыпталған.
Қылмыстық әрекеттерден мемлекетке 250 млн АҚШ долларынан асатын шығын келген. Виктор мен Лейла Храпуновтар, Айяр Ильясовқа сырттай қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Қалған тұлғалардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алу шарасы тыңдалды.
Сот ісіне судья Қасым Қалмағамбетов төрағалық етті. Алдын ала тыңдауға мемлекеттік айыптаушы мен сотталушылардың қорғаушылары, жәбірленушілер қатысты.