Танымал блогер қазақ тілін қорлаған мейрамхана әкімшілігін сотқа берді
2018 ж. 25 шілде
18093
7
Қазақ тілі тағы қорланды. Тағы Қазақстанда, өз елімізде, өз жерімізде. Мемлекеттік тілді аяқ асты еткен өзге ұлты өкілі емес, өз қазағымыз. Әлеуметтік желіде «Жаным баклажаным» деген лақап атпен танымал блогер Айдын Тоқсанбаева Фейсбуктегі парақшасында еліміздегі мемлекеттік тілге деген құрметтің жойылғандығының бір көрінісін жазыпты. Мейрамхана қызметкерлері Айдын ханымға қазақ тілінде қызмет көрсету былай тұрсын, дөрекілік танытып тілді де, әйелдің өзін де кемсітуге дейін барған.
Бұл туралы Қамшы агенттігі хабарлады.Ал Айдын Тоқсанбаева күні кеше басынан өткен оқиғасын былай баяндады.
«Баламмен Абай және Алтынсарин көшелерінің қиылысындағы «Москва» сауда орталығының ішіндегі Coppola мейрамханасына барып тамақтанбақ болдым. Кіргеннен әкімшілігі маған «Здравствуйте!» деп орыс тілінде амандасты. Ойымда ештеңе жоқ мен тыныш қана күлдім де, өтіп кете бердім. Даяшы қыз да орыс тілінде сөйледі, ешқандай ойсыз мен де орыс тілінде жауап қаттым. Баламды ұйықтатып, жайғасып отыра бердім. Бірде әлгі даяшы қыздан қайнаған су сұраған едім, мені түсінбеген болды. «Что?» деп орысша сұрайды менен. Қанымның қайнағаны-ай! Онда да үндемедім. Тек тамақ-шайымды ішіп болған соң әкімшілікке бардым да «Сіздерде бәрі жақсы, ұнады, тек қазақ тілінде сөйлеу, жауап беру деген жоқ екен. Болашақта соны ескерсеңіздер екен, тағы қайталанса, заңға жүгінемін» деп тікесінен айттым. Әлгі менеджер мені түсініп кешірім сұрай ма деген ойда болған жоқ, өзіме тап берді. «Разве есть такой закон? Мы свободная страна, разговариваем на двух языках» деп менімен ұрсысуға дайын тұр. Аң-таң болдым, дәл осындай реакцияны күтпедім.
Қатты ашуландым, тұтынушы ретінде менің құқығым бұзылып тұр. Сөйтіп заңды жақсы түсінетін досым Мәулен Алғазыға хабарласып, мейрамханаға қайта бардық. Заң тұрғысынан да, адами қарым-қатынас тұрғысынан да мейрамхана әкімшілігінің істегені дұрыс емес екенін заңды көзіне шұқып тұрып көрсеттік. Оның да көзі жеткен болар. Іштей келіскенін байқадық. Сөйтіп өз тіліміздің құқығын қорғап қалу үшін әкімшілікке мынадай екі ұсыныс тастадық: «ендігі дөрекілік қайталанбайтынын айтып, өз тілімізде сұраса тілімізді, сөйлеген халқымызды, сыйлап өз тілімізде жауап қайтарамыз, ас мәзірін де өз тілімізде енгізіледі деп айтып кешірім сұрау керек немесе заң бойынша істі сотқа дейін жеткіземіз». Бірақ әлгі жігіт видеоны өшіруімізді сұрады. Видео қосулы тұрса, ештеңе де айтпайтынын жеткізді.
Бұл жерде төбелесіп, ешкімнің басы жарылмады. Бірақ бекітілген заңды бұзып тұрғаның жоққа шығарды. Басқа ұлт өкілдері де тек қазақ тілінде сөйлейтін мейрамxанаға барып орыс тілінде сөйлемегені үшін дәл мен секілді құқығын талап ете алады, себебі бұл жеке тұлға атынан емес, мйерамхана атынан сөйлеп тұрған жандар.
Біз ойланбастан 102-ге xабарласып, арыз жаздық. Ең бастысы іс басталды, арғысын көреміз», - деді Айдын.
Қазақтың намысы мен тілінің қорланып жататын жағдайлар екі-үшпен шектелмейді. Жоғарыдағы оқиға алғашқысы емес, алайда соңғысы да болмауы мүмкін.
Осыған орай «Әрқайсымыз талап ететін болсақ, өзіміз де, еліміз де дамиды. Жүрген жеріңізде сіз де өз құқығыңызды қорғаңыз» - деп сөзін қорытындылады блогер.