БИЗНЕСКЕ БҰҒАУ ЕМЕС, ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ
2018 ж. 13 шілде
4163
0
«Ақ жол» партиясының «жосықсыз салық саясаты» деп сынға алуынан кейін Үкімет бизнестің субсидиарлық жауапкершілігі туралы нормалардың орынсыз екендігін мойындады
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 16 мамырында «Ақ жол» фракциясы өзінің жолдаған сауалында ЖШС-ға (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге) қарыздарды төлеткізу төңірегінде орын алған әділетсіз жағдайға үкіметтің назарын аударған еді.
«Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңға сәйкес ЖШС қатысушылары өздері жасаған салымдар шегінде ғана шығынға ұшырайды. Алайда, «Банкроттық және оңалту туралы» заңның нормалары бойынша – кәсіпорындардың қарыздарын ЖШС құрылтайшыларынан өндіріп алуы мүмкін. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Азат Перуашев кәсіпорындардың берешегін адал құрылтайшылардың мойынына арттыруға жол берілмеу керектігін мәлімдеген болатын. Фракция ЖШС-ның типтік жарғысына кәсіпорынның міндеттемелері бойынша құрылтайшылардың жауаптылығы болмайтыны туралы норманы қайтаруын және адал кәсіпкерлердің ізіне түсуді доғаруын сұрады.
Премьер-Министрдің ағымдағы жылдың 8 маусымында берген жауабында кәсіпкерлерді субсидиарлық жауапкершілікке тарту негіздемесі заңды болып табылатынын және сол себепті Үкімет «Ақ жол» фракциясының талаптарын қанағаттандырудан бас тартқандығы атап өтілген.
20-маусымда демократтар көшбасшысы Үкіметке қайта жүгініп, берген жауаптарының абсурд екендігіне және субсидиарлық жауапкершілік туралы норманың нарыққа қарсы сипатта екенін көрсетті. «Бұл өнертабыс біздің салықтық саясатымызға «үңгірлік» реңк береді және кәсіпкерліктің табиғатын түсіне алмайтындығын көрсетеді», – деп атап өтті Перуашев.
Бұл жағдайдың басын ашып, мән-жайды анықтауға «Время» газеті тырысып көрді – басылымның 25 маусымдағы (2018 жыл) санында «Бизнесу надо помогать, а не обдирать» деген атаумен Азат Перуашевтің сұхбаты жарияланды.
«Үкіметтің жауабына сүйенсек, жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылтайшыларының мүлкіне салынатын өндіріп алудың 85%-ы кәсіпкердің төлем қабілетсіздігіне ұшырағанға дейін 6 ай бұрын кәсіпорынның банкроттық рәсіміне бастамашылық жасамағандықтың негізінде ғана жүргізіледі... Алайда, тұрақсыз қаржыландыру бүгінгі күні бизнестегі ерекшелікке емес, ережеге айналды. Кәсіпкердің мақсаты өз компаниясын сақтап қалу үшін барынша күресу, қиындықтарды және сынақтарды еңсеру болып табылады. Олардың көпшілігі 6 айда емес, «икс» сағатына 6 күн ғана қалған кезде шешімін тауып жатады. Ал, Үкімет болса бизнестің күреспей-ақ, бірден беріліп, банкротқа ұшырауын ұсынады. Ал, жеме-жемге келгенде, түбінде біз бұдан не ұтамыз? Президент айтып отырған бұқаралық кәсіпкерліктің орнына бизнесте тек шенеуніктермен байланысы бар және тендерлерге қатысатын олигархтар мен компаниялар ғана қалады», - деп атап өтті «Ақ жол» жетекшісі және ол мұндай тәсіл «кәсіпкерлерге күрделі жағдайларда қиындыққа төтеп беріп, өзінің бизнесі жолында күрескендігі үшін» жаза ретінде қызмет етеді деп мәлімдеді.
qazaquni.kz