Түркістан облысында әкім журналистті сабап тастаған (ФОТО)
2018 ж. 11 шілде
4367
0
Бүгінде қоғамда болып жатқан заңсыз тірліктер жайлы бір ауыз сөз айту қиынға айналды. Айттың ба, бітті, соққыға жығылып, айдың-күннің аманында аурухананың төсегіне таңылуың ғажап емес. Сөзімізге дәлел – Төлеби ауданының тұрғыны, журналист, «Аймақ тынысы» газетінің редакторы Ләззат Асанованың басынан өткен жай. Ол кешегі сейсенбі күні Төлеби ауданындағы Киелітас ауылының әкімі Полат Төребековтен таяқ жедім деп отыр.
Бұл туралы zamana.kz жазды.
Ал бұл жағдай қалай орын алды? Неден шықты? Оны бізге әріптестің өзі былайша айтып берді:
«3-ші шілде күні біздің ауданға Түркістан облысының әкімі келіп, ауданымызға тағайындалған жаңа әкімді таныстырмақ болған. Осыған орай мен журналист ретінде жиынға қатысу үшін бардым. Әлгі жиналысқа Алатау ауылдық округінің бір топ азаматтары ауылдағы жайылымдық жерге қатысты заңсыз әрекеттерді айту үшін арнайы келген екен. Екінші қабатта жиналыс өтеді деген соң әлгі азаматтар сонда барған. Осыдан кейін Төлеби аудандық әкімдігінің қызметкерлері жиналысты төртінші қабатта өткізілсін деп шешіпті де, әлгі арызданып келген азаматтарды екінші қабатта алып қалды. Ол жерден мен де шықтым. Артымнан әлгі кісілер ермегесін бұлар неге қалып қойды деп қайта кіріп едім. Барсам, әкімдіктің қызметкерлері ол кісілерді қоршап тұр екен.
«Мен бұл жерге БАҚ өкілі ретінде, осы елдің азаматы ретінде келіп тұрмын. Бұл кісілердің өз ойын айтуға құқы бар емес пе? Бұларыңыз не?» – деп едім, әлгі Киелітас ауылының әкімі маған балағат сөздер айтты. Сосын телефонымды алып, болып жатқан жағдайды «Фейсбук» арқылы тікелей эфирмен таратпақ болып едім, Полат Төребеков телефонымды күшпен тартып алды. Онысы аздай шынтағымен кеудемнен ұрып құлатты. Еденге кафель төселген екен, басымнан соққы алдым. Телефонымды сол күйі берген жоқ.
Қысқасы, мен әлгі жағдайдан кейін бөлмеден шығып бара жатыр едім, баспалдақтан облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлын кездестіріп қалдым. Шамасы Полат Төребеков бастаған кісілер облыс әкімі төртінші қабатқа көтеріліп кетті деп ойласа керек. Сасқалақтап қалды. Ал мен жыларман халде облыс әкіміне болған жағдайды баяндап бердім. Жансейіт Қансейітұлы бәрін тыңдап болды да: «Сіз еш уайымдамаңыз! Қазір дереу «Жедел жәрдем» шақыртылып, мына кісіге көмек берілсін. Жиналыс біткесін өздеріңізбен міндетті түрде кездесіп, мән-жайды тыңдаймын», – деді.
Ол кісі сөзінде тұрды. Жиналыстан соң Алатау ауылдық округінен келген кісілерді тыңдады. Қолындағы құжаттарды қарады. Сөйтті де: «Осы мәселені тексеру үшін дереу комиссия құрылсын, бастан-аяқ тексерілсін», – деп тапсырма беріп кетті. Басқа ештеңе демеді. Ал мен «Жедел жәрдем» көлігімен ауруханаға кеттім.
Қазір мен ауруханадамын. Қан қысымы бар, «гематома» деген диагноз қойды. Басымды таңып тастаған. Қан ұйып қалыпты, «шприцпен» қан алып, әбігерге түсіп қалдым. Кеше ет қызуымен білінбеген екен, қазір кеуде тұсым, жамбасым, сол жақ құлағым ауырып, жанымды көзіме көрсетіп жатыр.
Әкімнің маған қол жұмсайтынын білсем, онда кішкене жиналып, өз-өзімді мығым ұстап тұрар едім ғой. Еш алаңсыз болғасын ба, мұрттай ұшып түстім. Сол жерде тұрғандардың ешбірі әйелге қол жұмсағаның не деп араша түспеді. Есесіне әлгі әкімсымақ: «Мен кезінде боксшы болғанмын», – деп мақтанып тұр».
...Төлебилік шенді-шекпенділердің бәрі әріптестіміздің ауыр халде ауруханаға кеткенін білді, көрді. Бірақ ешбірі артынан жағдайын сұрап, бізден бір ағаттық кетті деп кешірім сұрап бармапты. Тек арада бір тәулік өткенде ғана, онда да Ләззат ханым болған жағдайды әлеуметтік желіге жазғаннан кейін Полат Төребековтің өзі төбе көрсетіпті. Онда да істеген ісіне еш өкінетін сыңай танытпапты.
«Қолында жаңа телефон бар. «Мынау – сенің телефоның. Ашуыңды бас, арызыңды қайтып ал, бұдан былай бірге жұмыс істейміз», – деп келіпті. Мен оған жаңа телефон үшін соққыға жығылмағанымды айтып, өзімнің затымды тауып беруін талап еттім. «Кешір, ашумен болды, ұяттымын» деп айтатын шығар деп едім. Ондай нәрсе айтылмады. Ендеше, мен оны не үшін кешіруім керек?», – дейді әріптесіміз.
...Міне, көрдіңіздер ме, біз осындай қоғамда өмір сүріп жатырмыз. БАҚ өкіліне, онда да әйелге әкімқаралар еш ойланбастан, ешкімнен именбестен қол жұмсайды. Сөйтеді де «Күл болмасаң бүл бол!» деп тайраңдап жүре береді.
Әріптесіміздің басына түскен жағдай, оған жасалған соққы бәрімізге тигенмен бірдей. Сондықтан бұл жағдайға біз бей-жай қарай алмаймыз. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтан, Төлеби ауданының жаңа әкімі Бауыржан Омарбековтен осы жағдайға байланысты жауап күтеміз.
Бұл оқиғаға орай заң органдары да шұғыл шешім қабылдайды деп сенеміз.