Сейітқазы Матаев Қазақстанның журналистер одағын қайта басқаратын болды
2018 ж. 15 маусым
3164
2
Сейітқазы Матаев Қазақстанның журналистер одағының басқарма төрағасы болып қайта сайланды, деп хабарлайды "Әділ сөз" атты сөз бостандығын қорғау қоры.
Хабарланғандай, 14 маусымда Қазақстан журналистер одағының есеп беру-сайлау конференциясы өткен. Оған видео байланыс арқылы бүкіл өңірдің тілшілері қатысты. Конференцияда басқарма есебі қабылданып, талқыланды және алдағы уақытқа жоспарлар мен тапсырмалар алға қойылды.
Бұдан бөлек, заң шығару қызметіне, журналистердің құқығы мен бостандығын қорғауға белсене араласу қажеттілігі аталып өтті.
"Қоғамдық бірлестіктің басқарушы органдарын сайлау ұйымдастырылды. Қазақстан журналистер одағының басқарма төрағасы болып Сейітқазы Матаев сайланды", — делінген хабарламада.
"КазТАГ" агенттігін басқарған Сейітқазы Матаев пен ұлы Әсетке бюджет қаражатын қымқырды және ірі көлемде салық төлеуден қашқақтады деген айып тағылған еді. Матаевтар сот процесі кезінде айыбын мойындамады.
2016 жылы күзде Сейітқазы Матаев алты жылға, ал ұлы Әсет Матаев бес жылға бас бостандығынан айырылу және мүлкін тәркілеу жазасына кесілді. 2017 жылы сәуірде рақымшылыққа байланысты Сейітқазы Матаевтың жаза мерзімі екі жыл сегіз айға қысқартылған. 2017 жылы желтоқсанда ол бостандыққа шықты.
Қазақстан журналистер одағы – еліміздің ең ірі шығармашылық ұйымы, құрамында 5 мың адам бар.
Дереккөз: sputniknews.kz