Астанада 32 шендінің жаппай тұтқындалғаны белгілі болды
2018 ж. 08 маусым
3421
1
Астанада ірі көлемде пара алу үстінде 32 шендінің тұтқындалғаны белгілі болды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Астанадағы жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюро департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдулла мәлімдеді. Оның айтуынша қазіргі таңда 5 мемлекеттік деңгейдегі және 15 мемлекеттік орган басшылары тұтқындалған. Әзірге істі болған шенділердің есімдері құпия қалып отыр.
- Шенділер аса ірі көлемдегі пара алу кезінде ұсталды. Заманауи құралдардың көмегімен сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтауда оң әсер мен динамикаға қол жеткізіп отырмыз. Бес айда 4 миллиард теңге мемлекетке қайтарылды. Бұл тек қалалық департаменттің көрсеткен нәтижесі, - деді департамент басшысы.
Белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев аталмыш оқиға бойынша өзінің Телеграм парақшасында пікір білдірді.
"32 шендінің тұтқындалуы нені білдіреді? Құпияны ұзақ сақтауды әдет қылмаған сол жақ жағалаудың тұрғындары туралы айтылғанда әр күдіктінің жасаған қылмысын әшкерелейтін айғақтарды жинау оңай шаруа емес. Істі болғандардың есімі әлі жұмбақ күйде қалып отыр. Яғни, ұлттық бюро өтіп жатқан жедел тергеу шараларында толық құпия режимді сақтап отыр деген сөз.
Бұл тәсілді сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің жаңа басшысы Алик Шпекбаев пен ұлттық бюро төрағасы Қайрат Сунтаевтың ерекше қолтаңбасы деп бағалауға болады. Бұл тәсіл сол жағалаудағыларды есеңгіретіп тастады.
Президенттің агенттік басшысымен жуырда өткізген кездесуінде осы тергеу жұмыстары туралы тапсырма берілгенін жоққа шығара алмаймыз. Қазіргі жағдайда бұл тапсырма ықпалды қорғаушысы, мықты туыстары бар шенділерге қарсы бағытталған саяси әрекетке айналып отырғаны сөзсіз.
Тұтқындалған шенділер мен олардың қорғаушылары кімдер? Бұл туралы кешірек білеміз. Қазір агенттіктің ел қызығушылығын тудырып жатқан әрекетіне кедергі келтіруге болмайды. Маған олардың бұл стилі ұнайды", - деп жазды саясаттанушы.
Естеріңізге салсақ, осыған дейін мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев Facebook-та жемқорлық әрекеттері туралы хабарлаған қазақстандықтарға 730 доллар көлемінде сыйақы беруді уәде еткен болатын. Сонымен қатар, желіде квазимемлекеттік сектордың ірі көшбасшылары тұтқындалғаны сөз болған еді.