Алқабилер сотының соттылығын айтарлықтай кеңейту ұсынылды
2018 ж. 06 маусым
2546
0
Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов соттың жаңа фронт-офисімен танысты. Бұл ретте «Сот төрелігінің жеті түйінінің» бір тармағын, «Үлгілі сот» бағдарламасын іске асыру шеңберінде сот төрелігін жүзеге асыру бойынша процестерді жетілдіру мақсатында Сарыарқа аудандық соты пилоттық сот болып белгіленген болатын.
Бұл туралы aikyn.kz хабарлады.Фронт-офистің аумағы 138 шаршы метрді құрайды. Осы кең зал халыққа қызмет көрсетудің заманауи стандарттары бойынша атқару техникасымен жабдықталған. Мұнда медиаторлар, адвокаттар мен іс тараптарына материалдармен танысуы үшін үш жеке кабинет жасақталған. Жоғарғы сот төрағасына сотқа келушінің фронт-офистегі ақпараттық орталық, кіріс хат-хабарлар және өзіндік қызмет көрсету аймақтарынан тұратын үш негізгі бөліктен өтудің барлық процесі көрсетілді. Осы ретте Ж.Асанов стендтердегі ақпаратпен – неғұрлым жиі түсетін өтініштер бойынша талап арыздар үлгілерімен танысты.
«Электронды кезек» жобасы шеңберінде құжаттарды қабылдау мен берудің автоматтандырылған бюросы, сондай-ақ сканері бар «өзіндік қызмет көрсету терминалы» жұмыс жасайды. Азаматтық іс бойынша тараптарды шақыру функциясы тестілік режимде іске қосылды. Бұл функционал «Төрелік» ақпарат жүйесіне кіріктірілген. Осындай тәсіл арқылы хатшы сот залында отырып-ақ, тараптардың келген-келмегенін тіркеп, күту аймағында орналасқан мониторға жіберумен қатар, келушілерді процеске шақыра алады. Мұнда сот отырысының хатшысымен байланыс жасайтын телефон мен мемлекеттік баж салығын төлеуге арналған терминал қойылған.
Ішкі кеңсе аймағында сотқа келуші сотқа қажетті құжаттарын тапсыра алады. Осы ретте сот маманы бұрынғысынша құжатқа белгі қойып, өтініштің көшірмесін берумен қатар, тіркеу жүргізеді және нөмірі бар талон береді. Осы талон бойынша «Сот кабинеті» сервисі арқылы өтініш бойынша істің барлық қозғалысын бақылап отыруға болады.
Фронт-офисте Астана қалалық соты мен адвокаттар алқасының арасында жасалған меморандум шеңберінде адвокат тұрақты түрде жұмыс істейді. Онда тараптарды олардың соттағы істерінің қаралу барысы туралы ақпаратпен таныстыратын соттың арнайы қызметкері кезекшілік етеді.
Шара соңында Жақып Асанов Сарыарқа аудандық сотының ұжымымен кездесіп, жұмыстың ағымдағы мәселелерін талқылады. Ол судьялар мен сот қызметкерлеріне кәсіби дағдыларын ұдайы арттыруға және дау-жанжалдарды әуре-сарсаңсыз шешуге тілектестік білдірді.
Отырысты ашқан А.Рахметулин сот актісі сот төрелігінің түпкі нәтижесі саналатынын айтты.
«Сот актісін үлкен үмітпен күтеді, өйткені ол жеке тұлғаның, оның отбасы мен қоршаған ортасының тағдырына әсер етеді. Сот жұмысына қатысты қоғамның бағасы соттың қаншалықты әділ, сот актісінің қаншалықты заңды әрі негіздігіне қарай беріледі. Адамдар сотқа келгенде өз құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің қорғалатынына сенімді болуға тиіс» деді ол.
Өз сөзін әрі сабақтаған А.Рахметулин сот процесінде айыптаушылық бағытты төмендету бойынша бес негізгі басымдықты атап көрсетті.
Біріншісі – «сотқа істің тергеу және прокуратура органдары, яғни айыптаушылар тарапынан түсу практикасы». Осылайша, судьяның әуел бастан көзқарасы «сотталушының кінәлілігі» тұрғысынан қалыптасады. Осы тұрғыда кейбір мемлекеттердің тәжірибесі назар аударуға тұрарлық екені атап өтілді. Мәселен, Эстонияда прокурор сотқа айыптау актісін, ал адвокат «қорғау актісін» қатар жолдайды. Әрі қарай сот процесі барысында уәждер мен дәлелдерді өзара алмасу жүреді. Бұл қылмыстық процестегі тараптардың шынайы жарыспалылығын қамтамасыз етеді. Бұл тәсілді Қазақстан жағдайында қолдану үшін қосымша зерделеу қажет екен.
Екіншісі – азаматтардың құқықтарын, әсіресе сотқа дейінгі кезеңде қамтамасыз ету бойынша тергеу судьяларының жұмысын жетілдіру. Мұнда соттар қылмыстық процеске тартылған тұлғалардың құқықтарын бұзудың әр фактісі бойынша қағидатты ұстанымда болуға тиіс.
Үшіншісі – алқабилер сотының соттылығын айтарлықтай кеңейту. Алқабилер сотының соттылығын толығымен аса ауыр қылмыстар санатына жатқызу ұсынылады.
Төртіншісі – істі қарау барысында соңғы сот актісін шығарғанға дейін соттың сотқа дейінгі іс жүргізу және прокуратура органдарымен процестен тыс кез келген байланыстарына жол бермеу.
Бесіншісі – нақты сот істері бойынша БАҚ арқылы қоғамдық пікірді әдейі өзгертуге жол бермеу.