Сенат депутаты: Барлық салада клиенттерге мемлекеттік тілде ақпарат беруге міндетті
2018 ж. 27 сәуір
3557
0
Сенатор Бірғаным Әйтімова Qazkom банкінің Астана қаласындағы филиалының қызметкерлері Оғыз Доғанға қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартуына қатысты пікір білдірді.
Sputniknews.kz порталының мәліметіне сүйенсек, сенатор барлық салада мемлекеттік тілде қызмет көрсете алатын қызметкерлер болуы тиіс екенін айтқан.
«Мен банкке барғанда қай тілде сөйлесем, сол тілде жауап аламын. Мұнда еш қиындық жоқ. Дегенмен, заңға сәйкес, барлық салада клиенттерге мемлекеттік тілде ақпарат беруге міндетті. Заң бәріне ортақ. Адамның ішкі мәдениеті қалыпты, эмоцияға салынбай сұрақ қойып, сол кейіпте жауабын талап ете алатындай болуы тиіс. Ал банк басшылығы мемлекеттік тілде қызмет көрсете алатын қызметкерлердің міндетті түрде болуын қадағалауы керек», — деді Бірғаным Әйтімова.
Айта кетейік, Оғыз Доған қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан Qazkom банкінің қызметкерлерін видеоға түсіріп, желіге жүктеген болатын. Ол банк кешірім сұрмаса, «Эйр Астана» сияқты оларды да сотқа беретінін мәлімдеді.