Онсыз да құрылысы сиырқұйымшақтанып кеткен «Абу Даби плазаның» бір бөлігінде бүгін жұмыс мүлдем тоқтап қалды. Елу шақты құрылысшы ұйымдасқан түрде қолындағы құрал-сайманын тастап, жаппай көшеге шықты. Мердігер компания бір-бір отбасын асырап отырған азаматтардың еңбекақыларын уақытылы бермей, қинап қойған. Жігіттердің басында жалақыдан бөлек мынадай мәселелер бар: жарты жылдан бері олардың зейнетақы қорына ақша аударылмаған, араларында заңды еңбек демалысына шыға алмай жұмыста жіпсіз байлаулы жүргендер де көп.
Ал жұмысшылардың құрылыс басында тамақтануы тіпті мұң екен. Сондықтан олар сырттан ас сатып алып, далада қуыс-қуысты жағалап түстенуге мәжбүр.
Құрылысшылар алдымен басшыға жолығып, шағымданбақ болған. Бірақ жігіттер Астанадан жұмысқа қабылдаған құрылыс компаниясының кеңсесін таппапты. Сондықтан олар амалсыз «Нұр Отаннан» араша сұрап келіп еді. Билік партиясындағылар онсыз да ашынып отырған азаматтарға ұрысып берді.
Бақыт Сапаров, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары:
- Неге кетпейсіңдер «Абу Дабиден»? Кетіңдер. Анау жаман, мынау жаман дейсіңдер? Ақша, тағы жоқ. Неге онда сол жақта істейсіңдер?
Кейін қатты кеткенін түсінді ме, партиядағылар көмек сұрап келгендердің тізімі мен арызын алып қалды. Егер мердігер компанияның кінәсі дәлеледенсе, заңмен жауапқа тартамыз деп уәде берді. Ол үшін арнайы комиссия құрмақ.
Айта кетейік, бұл «Абу Даби Плаза» кешеніндегі жұмысшылардың алғашқы дауы емес. Бұған дейін де құрылыс басында жүрген қазақ жұмысшылар талай шу шығарған. Айтуларынша, мердігерлер шетелдік жұмысшыларға басымдық беріп, оларға жағдайдың бәрін жасайды екен. Ал, жергілікті жұмысшылар аз жалақының өзін ала алмайтын көрінеді.