АҚШ: Шыңжаңда ондаған мың адам ұсталған
2018 ж. 18 сәуір
6014
8
Қытайдың батысындағы Шыңжаң аймағында ұйғырлар мен басқа да мұсылман азшылығын қыспаққа алуға байланысты ондаған мың адам ұсталды. Бұл туралы Пекинде АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі, мемлекеттік хатшының Шығыс Азия және Тынық мұхиты аймағы істері бойынша көмекшісінің орынбасары Лаура Стоун хабарлады. Стоунның сөзінше, адамдарды "саяси үйрету орталықтарына" жаппай тоғыту "үрей туғызады". Дипломат Қытай билігін "барынша ашық және өз ісіне есеп беретін жүйе құруға" шақырды.
"Біз Қытайдың Шыңжаңдағы ұйғырлар мен басқа да мұсылмандардың заңды құқықтарын шектеуге күш салып жатқанына алаңдаймыз. Біз бұл мәселені Қытай үкіметі алдында көтеріп, оларды өз азаматтарын ұстауда заңды процестер жүргізуге шақыра береміз" деді Стоун. Ол Шыңжаңнан ақпараттың тым аз шығуы ұсталғандардың нақты санын анықтауда қиындық тудыратынын, бірақ ұсталғандар саны "кем дегенде он мыңдап саналатынын" айтты.
Жергілікті билік соңғы екі жылда Шыңжаңда орталық биліктің құзыретін нығайтып, "исламшыл сепаратистер жасайтын" шабуылды тоқтату үшін бақылауды күрт күшейткен.
2017 жылдың сәуірінен бастап Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны туралы ақпарат тарай бастаған. Шыңжаңда ұсталғандар арасында Қытайдан тарихи отанына оралып, Қазақстан азаматтығына ие болғандар да бар. Қытайда туыстары қысым көріп жатқанын айтқан қазақстандықтар ресми Астанадан бірнеше мәрте көмек сұраған.
Құқық қорғаушылар мен диссиденттер Шыңжаңдағы дін, мәдениет пен еркін жүріп-тұруға орнатылған бақылау бұрынғыдан қатаңдатылғанын айтады. Адамдардың шетелге шыққаны немесе тым діншіл болғаны үшін ғана ұсталып жатқаны туралы ақпарат тарап жатыр. АҚШ үкіметі қаржыландыратын Еркін Азия радиосы қаңтарда Қытайдың оңтүстігіндегі Қашғар қаласының өзінде ғана 120 мыңнан астам адам "саяси үйрену" орталықтарында болғанын мәлімдеді.
Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі "Лаура Стоунның сөзіне не дейсіз?" деген сауалға "Шыңжаңдағы барлық ұлт пен халық бейбіт өмір сүреді әрі өміріне разы" деп қана жауап берді. Министрлік өкілі АҚШ-ты Қытайдың "ішкі ісіне килікпеуге" шақырды.
Дереккөз: Азаттық