Қарымды қаламгердің жемісті жетпісі

d0b0d0bbd0b8d18f-d0b0d185d0bcd0b5d182d0bed0b2d0b0-d181d0b0d0b1d0b8d182-d0b4d0bed181d0b0d0bdd0bed0b2d182d0b0d0bd-d184d0bed182d0be-3-jp          

 Жақында Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында қазақтың қарымды да қарулы қаламгері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, Ресей академиясының академигі Сәбит Досановтың жетпіс жылдық мерейтойы аталып өтті. Салтанатты жиынға өз еліміздің ақын жазушыларымен қатар, алыс-жақын шет елдерден жазушыны жетпісімен құттықтауға қонақтар  арнайы келді.

 

Дей алмаймын, дара туған данамын,

Ел алдында аласамын баламын!

Қажетіне жарар болсам халқымның

Қиналмай-ақ ажалға да барамын.

 

С.ДОСАНОВ

 

 

 

 

                Кешті белгілі актер, Қазақстанның халық әртісі, Тұңғышбай Әл-Тарази жүргізіп отырды. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ыстық ықыласқа толы құттықтау хатын Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин табыстады. Ал, ҚР Сенатының төрағасы Қасым Жомарт Тоқаев білдірген жылы лебізді сенатор Өмірбек Байгелді жеткізді. Қазақстан Президентінің Бейбітшілік және руханият сыйлығының лауреаты, Францияның «Алтын фалма» орденінің иегері, әлемге әйгілі әдебиетші Альберт Фишлер, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Тәжікстанның халық жазушысы, белгілі ақын Момын Канауат, ҚР Президентінің Бейбітшілік және руханият сыйлығының лауреаты, Өзбекстанның халық жазушысы Насыр Фазылов, Ресей Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, сыншы Сергей Нивольсин, прозашы Андрей Боронцов сынды өзге елдердегі қаламдастары сахна төрінен табылып, Сәбиттей дарынды жазушыны жемісті жетпісімен құттықтады. Кеш барысында жазушы шығармашылығанан алынған бірқатар туындыларды жас әртістер сахналап, көрермен қауымның назарына ұсынды.

         Жазушы болу кім-кімге беріле бермейтін бақ. Ал, жазушы бола тұрып дүниеге, оқырманға ой саларлық кесек-кесек туындылар әкелу де кез келген жазушының қолынан келе бермейтін ерлік. Бүгінде жыр ғып айтар жетістікпен жетпіске келіп отырған Досанов өзінің журналистік жолдан жазушылыққа қалай келгендігін былайша еске алады: «Жазушы болу негізгі арманым болғандықтан, студенттік өмірдің қиын да қызықты сәттерін бастан кеше жүре сабақтан қолым босай қалған сәттері тіл ұшыма оралған жыр шумақтарын да, әңгімелер жазудан тынған жоқпын. Неге екенін білмеймін, жазған дүниелерімді газет-журналда жариялауға асықпадым. Журналистика факультетінің студенттері әдеби ортаны аңсап тұратындықтан Жазушылар одағына жиі бас сұғамыз, жазушылар шығармаларынан оқырмандар конференциясын өткіземіз, пікір білдіреміз, осындай араластықпен жазушылармен танысып жүрдік. Олар да бізді бауырларына тартты. Солардың бірі әдебиетіміздің классигіСәбит Мұқанов еді. Студенттер арасында жиі болатын әйгілі жазушы тұлпарларды сынаған бапкердей жазуға икемі барларды сөз саптауларынан-ақ танитын. Бірде ол маған: «Қарағым, адас, мақалаларыңды оқып жүрмін. Ал, әңгімелеріңді қашан оқытасың?» деп салды. Сонда ғана Сәбит Мұқановқа ауыл өмірінен жазылған бір топ әңгімелерімді оқуға берген едім. Жазушы ұсынған әңгімелерімнің бәрін ыждағатпен оқып шыққаннан кейін пікірін жазумен қатар «мына бала дайын жазушы екен, журналдарға ғана жариялап қоймай, жеке кітап қылып шығаруыңа да болады», деп ақын жазушыларға әдебиетке «Сәбит Досанов деген жазушы келді!» деп замандастары Ғабит Мүсіреповке, Ғабиден Мұстафинге айтқандары бүкіл жазушы қауымына жеткендіктен университетті бітірген жылы жарық көрген тұңғыш кітабым «Қайырлы таң» олардың ықыласын бірден аудартты. Кітапқа енген әңгімелерім көркемдік жүгін көтеріп тұрғандықтан жылы қабылданды.»

              Жазушының осыдан 40 жыл бұрын жарияланған, кейін қайталанып жарық көрген «Аруана» атты повесі Парижде, Мәскеуде, Ташкентте, Бішкекте, француз, орыс, өзбек, қырғыз тілдерінде жеке кітап болып шықты. Кез келген шығарма әлем әдебиетінде осындай лайықты орнын ала бермейтіндігін ескерсек, бұл бір ғана Сәбит Досанов үшін ғана емес, бүкіл қазақ елі үшін жетістік деп айтуымыхға толық негіз бар. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтен бастап, орыс, татар, гүржі т.б көптеген ұлттардың оқырмандары жазушылары, сыншылары жазушы шығармашылығы турасында тұщымды пікірлер білдірген болатын. «Аруананы» қазақ мектептерінде оқытатын шығар. Бұл поэманы басқа да мектептерде оқыту керек. Өйткені мұның маңызы зор. Бұл - табиғат туралы, соғыс пен бейбітшілік туралы, жат жер мен туған жер туралы поэма, адамның жан дүниесінің кеңдігі туралы тамаша толғау. «Аруана» - асыл тас, бриллиант, ғажап поэма!», - деп гүржі ақыны Мурман Джугубурияның «Аруана» повесіне білдірген пікірі солардың бірі.

               Сәбит Досанов шығармашылығы көп сыналды. Әйтсе де ол сын естідім екен деп жабырқап көрген жан емес. Қайта өз шығармашылығын одан әрі шыңдай білген азамат.

«Дұшпандарым дарынымды күндейді,

Сәл сүрінсем жабылады, жүндейді.

Сол соққылар шынықтырып, шымыр ғып

Күрескер ғып шыңдайтынын білмейді.

Мені біреу от емес, ол күл дейді,

Енді біреу аспандағы күн дейді.

Таланттардың тарихтағы орынын

Уақыттың өзі айтарын білмейді», - деген жыр жолдары осы сөзіміздің айқын дәлелі.

Сәбит Досанов сегіз қырлы, бір сырлы дарын дейтін болсақ, ол Абай айтқандай «іші алтын сырты күміс сөз жақсысын» өлеңмен өре білген ақын.

Тағдыр неге маңдайымнан өтпейді,

Есіл ерлер көз алдымнан кетпейді,

Халықты емес қарынды ойлар қазаққа,

Абылай, Бұқар, Қабанбай баба жетпейді.

Бұл өмірден небір жайсаң өтпейді,

Кемеңгерлер көз алдымнан кетпейді,

Тірлігі көп, бірлігі жоқ қазаққа,

Төле, Қазыбек, Әйтеке би жетпейді.

...Ақылмандар көз алдымнан кетпейді,

Құр жылаумен көздің жасы кетпейді.

Бағаламасаң бағланың мен барыңды,

Тарих бізге нұр-шұғыласын төкпейді.

Осындай жүрекжарды жырлары арқылы Сәбит қазақтың бүгінгі бет-бейнесін ашып көрсетіп береді. Ащы да болса шындықты айтып шырылдаған Сәбиттің жырлары әрбір қазақтың санасын оятуға қызмет етеді десек артық айтқандық емес. Сәбиттің еңбектерімен танысқаннан кейін-ақ, оның жүрегі тек ұлтым деп соғатынын айқын аңғарасыз. Сәбит Досановтың «Дауыл», «Ертең бюро» тәрізді пьесалары М.О. Әуезов  атындағы академиялық драма театрынан бастау алып, кейін облыстық театрларда қойылды. Сонымен қатар Сәбеңнің жазған радио пьесалары Қазақ радиосының алтын қорына енген. Жазушының қаламынан туған «Тозақ шеңбері» драмасы оның драматург екендігін айқындай түссе керек.

Жазушының жетпіс деген асқар асуына жетер алдында жазған «Жиырмасыншы ғасыр» роман эпопеясына оқырмандармен қатар, талай таланттардың өзі таңдай қақты. Бұл туынды турасында Ресей әдебиеті академиясының президенті Валентин Мирнев: «Сәбит Досанов – көрнекті суреткер. Оның «Жиырмасынышы ғасыр» романы – эпикалық сурет, прозадағы поэма іспеттес... Ол ұлы орыс шеберлері – Толстой-Достоевский мектебінің шамалы шәкірттерінің бірі. Егер бізді орта мектепте Пушкиннің «Евгениий Онегин» поэмасы орыс өмірінің энциклопедиясы деп оқытса, мен толық негізде және сенімділікпен айта алар едім: «Жиырмасыншы ғасыр» романы бұл қазақ халқы өмірінің энциклопедиясы», - деген тұшымды пікірін білдірген болатын.

               Проза, поэзия, драма сынды әдебиеттің үш бірдей жанрына қалам тербеп келе жатқан жазушының алдағы уақытта да туған еліне берер дүниесі мол екені сөзсіз.

«Жас қазақ үні» газетінің жыл жазушысы Сәбит Досанов ағамызды мерейлі тойымен шын жүректен құттықтап, әлі де шығармашылық жолда талай шыңдарды бағындыра беріңіз деген тілегімізді жеткізгіміз келеді.

 

Гүлмира САДЫҚОВА